Атап айтқанда, бұл күні Оралда белгілі шахматшы жерлесіміз, халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Мұртас Қажығалиев шеберлік сыныбын өткзді.
Бірнеше қарсыласпен бір мезгілде қатар өткен сеансқа сонымен қатар орынборлық балғын дарынды шахматшы қыз, жылдам шахматтан қыздар арасында әлем чемпионы Анна Шухман да қатысты.
Осы шараға арнайы келген өңір басшысы Ғали Есқалиев көне ойынның адамзатқа берер пайдасына тоқталып, сеансқа қатысушыларға сәттілік тіледі. «Шахмат, әсіресе, жас балалардың ой-өрісінің дамуы үшін өте пайдалы. Халықпен кездескенде көпшілік менен әрбір мектептен шахмат үйірмесін ашуға ықпал етуімді сұрайды. Сол себепті, біз облыстық шахмат федерациясымен бірлесіп, көне ойынды дамытудың стратегиясын жасақтаудамыз, — деді облыс әкімі өз сөзінде.
Мұртас Қажығалиев та бүгінгі шеберлік сыныбының балалар үшін маңызын әңгімеледі. «Балаларға дүние жүзінің мықты шахматшылары Магнус Карлсен, Гарри Каспаров, Анатолий Карпов қолданған әдіс-тәсілдерді үйретеміз. Сұрақтарына жауап береміз, — деді ол.
Мұртастың өзі шахматпен 8 жасынан бастап айналысқан. 1998 жылдан бері халықаралық гроссмейстер атағына ие. Белгілі батысқазақстандық бапкер Александр Володиннің шәкірті. Қазақстанның үш дүркін чемпионы. Ұлттық құрама сапында Азия чемпионы, жылдам шахматтан Азия ойындарының жеңімпазы, студенттер арасындағы командалық әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жеті шахмат Олимпиадасына қатысушы.
2011 году жылы 25 гроссмейстер қатысқан 13th Dubai Open Chess Championship турнирінде 2-5 орындарды өзара бөлісті. 2014 жылы Австарлияның Мельбурн қаласында өткен Australasian Masters сайысында үздік үштікке енді, 2015 жылы 106 шахматшы, соның ішінде 8 гроссмейстер қатысқан Сиднейдегі Australian Open Chess турнирінде осы жетістігін қайталады.
Ақпарат үшін айта кетсек, 1966 жылдан бастап 20 шілде — Халықаралық шахмат күні ретінде тойланады. Бұл мереке 1924 жылы құрылған үкіметтік емес ұйым — Әлемдік шахмат федерациясының (ФИДЕ) шешімімен бекітілген. Бүгінгі таңда аталмыш ұйымға әлемнің 200-ге жуық елі мүше. Федерацияның өз туы, әнұраны және ұраны бар.