Пневмококк – балалар арасында көп тарайтын әрі олардың өліміне жиі себеп болатын қауіпті инфекцияның бірі. Мұндай анықтаманы дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы берген.
Бұл инфекция неге балаларға көбірек қауіп төндіреді? Одан сақтанудың жолы қандай? Екpebar жобасының кезекті материалында инфекционист дәрігерден осы жөнінде сұрадық.
Күміскүл Үмешева – Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті Балалар жұқпалы аурулар кафедрасының қызметкері.
![Күміскүл Үмешева](https://baribar.kz/wp-content/uploads/2022/07/d6c10b3699afcdf8c4242fcd1280507d.jpg)
Дәрігерден сағат 10:15-те «Босадым, үшінші қабатқа көтеріліңіздер» деген хат келді. Сұхбатымызды келісілген уақыттан сәл кешірек бастадық. Өйткені бұл кезде Күміскүл ханым ағзасында пневмококк инфекциясы бар болуы мүмкін науқастың анализдерін сараптамаға жіберіпті.
Материалымыздың тақырыбы пневмококк инфекциясы туралы болғандықтан, бірден науқастың жағдайын сұрадық.
Оның айтуына қарағанда, науқастың қазіргі жағдайы ауыр, бірақ кешегіге қарағанда беті бері қараған.
Науқас деп отырғанымыз – туғанына әлі екі ай да толмаған нәресте. Күміскүл ханымнан мұны естігінде тіпті шошыдық. Өйткені Қазақстандағы вакцинацияның ұлттық күнтізбесіне сәйкес, пневмококқа қарсы алғашқы вакцина балаға екі айлығында егіледі, ал бұл нәрестенің ата-анасы вакцинаны салдыртып та үлгермеген екен.
Бұл басқа қоздырғыш болуы да мүмкін, бірақ белгілері пневмококты айтып тұр. Анализдерінің қорытындысын сараптамаға жібердік, бірнеше күнде нақты белгілі болады. Қазір балаға пневмококқа қарсы емді жасап жатырмыз. Толық жазылып кетеді деген сенімім бар, — дейді дәрігер.
Пневмококк қандай инфекция? Неге балалар мен егде жастағы азаматтарға үйір?
Бізді «Туғанына екі ай да толмаған баланың ағзасында пневмококк дейтін инфекция қайдан пайда болуы мүмкін?» деген сұрақ таңдандырды. Дәрігердің айтуына қарағанда, бұл инфекциямен бес жасқа жасқа дейінгі балалар және 65 жастан асқан азаматтар көп ауырады. Өйткені бес жасқа дейінгі баланың иммунитеті инфекцияларға төтеп бере алмайды. Сол сияқты егде жастағы азаматтардың да иммунитеті әлсірейді, бұған қоса, олардың қосалқы аурулары болады.
Пневмококк – бактерия. Қоздырғыш ағзаға түссе, түрлі қатерлі ауруға себеп болады. Инфекция құлақты, өкпені және мұрынның қуыстарын қабындырады. Сонымен бірге жүректің, буындардың жұмысына зақым келеді. Ең ауыр түрі – миға шабулдайды.
Отит – құлақтың қабынуы. ДДҰ мәліметінше, балалар арасында құлақ инфекциялары жиі кездеседі. Мысалы, 3 жасқа дейінгі бала кем дегенде бір рет отитпен ауырады. Ал пневмококк инфекциясы отиттің пайда болуына және оның асқынып кетуіне себеп болады.
Пневмония – өкпенің қабынуы, бұл да – пневмококк инфекциясының кесірінен пайда болатын аурудың бірі. Адамныңөкпесінде «альвеола» деп аталатын шағын қапшық бар. Дені сау адам тыныс алғанда қапшық ауаға толады. Ал пневмония кезінде альвеолалар ірің мен сұйықтыққа толып, оттегі жетіспейді, сол себепті науқастың тыныс алуы қиындайды. ДДҰ дерегі бойынша дүниежүзіндегі бес жасқа дейінгі балалардың 15%-і пневмониядан көз жұмған.
Пневмококк менингиті – пневмококк инфекциясының ең ауыр, асқынған түрі. Бұл кезде конвульсиялық синдром, эпилепсия, керең немесе соқыр болу, моторлық дамудың психология тұрғысынан тежелуі сияқты салдары болады. Науқас мүгедек болып қалуы мүмкін.
Пневмококк түрлі жолмен жұғады. Негізгі ошағы — қоршаған орта, сіз бен біз. Ал бір жасқа дейінгі балалардың ағзасы бактерияларды қабылдап алуға бейім болады. Сол себепті инфекционистер балаларды түрлі жұқпалы аурудан қорғау үшін көп адам жиналатын орындарда емес, таза ауада, саябақтарда қыдырған жөн дейді.
Жуырда медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында әріптестеріммен ресторанға бардық. Бізге қарама-қарсы столда әлі бір жасқа да толмаған балалары бар екі отбасы отырды. Ал ресторанның ішінде адам ығы-жығы. Музыка тоқтаусыз ойнап тұр. Негізінен баланың физилогиясы бойынша сағат 22.00-де ұйықтауы керек еді. Өкінішке қарай, қазір қырқынан шықпаған сәбилерді дүкендерден, базарлардан, тойлардан жиі көреміз. Өйткені ата-ананың өзі үйде отырғысы келмейді, сол себепті баласын өзімен бірге алып жүреді. Баланың көп адаммен қарым-қатынасқа түсуін барынша тыйған дұрыс. Балалар ата-ананың емес, ата-аналар балаларының графигі бойынша жүрсе екен деймін, — дейді инфекционист.
Қазақ халқы баланы қырық күнге дейін көпшілік жиналатын орындарға апармаған. Өйткені бала үшін бұл кезеңді «қауіпті», «қатерлі» деп есептеген. Қырық күннен аман өткен соң «қарақұлақтанды» деп қуанып, «қырқынан шығару» рәсімін жасаған.
Алайда бұл үйде ғана жүретін бала пневмококк жұқтырмайды деген сөз емес. Отбасы мүшелерінің бірінде дәл осы қоздырғыш болса, баланың ағзасына да бұл бактерия енуі мүмкін.
Баланы жақсы көреміз, оны сүйеміз, құшақтаймыз. Кейде тіпті оның қасында түшкіреміз, жөтелеміз. Ал пневмококк инфекциясы ауа тамшылары арқылы тарайды. Бұл қоздырғыш ересек адамның мұрын немесе ауыз қуысында болса, балаға жұғуы әбден мүмкін, — дейді инфекционист.
Науқаста инфекцияның бар-жоғын қайдан білеміз және өз бетінше емделу неге дұрыс емес?
Кез келген инфекцияның белгілері болады. Науқастың дене қызуы көтеріледі, жөтеледі, түшкіреді. Жөтелі күннен күнге күшейіп, ентіге бастайды.
Науқас күндегіден басқаша, қиналып демала бастайды. Осыны байқаған ата-ана баласын дәрігерге әкеледі. Мұрын, ауыз үшбұрышы, тырнақтары көгеруі мүмкін. Осындай белгілерді байқасаңыз, кез келген дәрігерге қаралуыңызға болады.
Бұл аурудың клиникалық көрінісін барлық дәрігер біледі. Түнде балаңыздың қиналып демалып жатқанын байқасаңыз, жедел жәрдем шақыруыңызға болады. Учаскелік емханада жалпы тәжірибе дәрігері немесе педиатр алғашқы медициналық көмекті береді. Ал негізінен бұл инфекцияны пульмонолог емдейді.
Пневмококк инфекциясы үйде емдеп жазатын ауру емес. Күміскүл Үмешеваның жансақтау бөліміне кіп-кішкентай балалардың түсіп жатқанын көргенде жаны ауырады.
Қазір дәріханаларда антибиотиктерді оңай сатып ала алмайсыз, бұған шектеу қойылды. Дәрігердің рецептімен ғана алуға болады. Өйткені ата-аналар антибиотиктерді қолданып, өздерін де, балаларын да өз бетінше емдеуге тырысады. Осының кесірінен жағдайы нашарлап, аурухананың жансақтау бөліміне түсетін науқас көп. Сол үшін дер кезінде дәрігерге қаралуы керек, — дейді ол.
Одан да тиімді жолы – вакцина
Күміскүл Үмешева вакцинаға күмәнмен қараған, соның салдарынан төрт жасар баласынан айырылған ата-ананың оқиғасын да айтып берді. Оның сөзінше, бұл отбасы діни көзқарастарына байланысты вакцинаны балаға егуге түбегейлі қарсы болған. Ал баланың ағзасына пневмококк инфекциясы түскенде иммунитеті онымен күресе алмаған.
Әлі көз алдымда. Анасы егіліп жылады. Өзін кінәлады. «Осындай жағдайға жетерін білгенде баламның вакцинациясынан бас тартпаушы едім» деп өкінді, бірақ өте кеш еді, — деп еске алды дәрігер.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының мәлімдеуінше, ислам дінінде екпе жасауға тыйым салынбайды. Былтыр коронавирус инфекциясына қатысты ахуал өршіп тұрған кезде дін өкілдері екпе салдырды және азаматтарды да вакцина алуға үндеді.
Вакциналау заңды түрде әрі кәсіби мамандардың нұсқауымен жүзеге асуы керек. Бұл мәселе медицинаға қатысты болғандықтан, сол саланың мамандары оны жан-жақты зерттеп, адамның денсаулығына пайдалы немесе зиянды тұстарын анықтап, оны қолдану туралы нақты шешім қабылдауға тиіс, — делінген басқараманың ресми сайты таратқан хабарламада.
1981 жылдан бастап дүниежүзінде пневмококқа қарсы полисахаридті вакцина егіле бастады. 2000 жылдан бері балалардағы пневмококк инфекциясының иммунопрофилактикасы үшін халықаралық тәжірибеде пневмококты конъюгацияланған екпелер қолданылады.
Қазақстан — посткеңестік кеңістіктегі (бұрынғы КСРО құрамындағы республикалар) пневмококқа қарсы вакцинаны ұлттық екпе күнтізбесіне енгізген алғашқы ел. Елімізде бұл инфекцияға қарсы вакцина 2010 жылдан бері салынады.
Вакцинацияға дейін пневмококк инфекциясымен ауыратындардың ең көп саны Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген, сол себепті жұқпалы ауруға қарсы вакцинаны дәл осы өңірлерден бастап егу туралы шешім қабылданған.
Вакцина баланың екі, төрт және 12 айлық кезінде салынады. Елімізде бұған «Превенар 13» вакцинасы (пневмококты конъюгацияланған вакцина) қолданылады. Бұл екпені Pfizer компаниясы өндіреді.
Бірнеше жыл өткен соң бұл вакцинацияның арқасында балалар арасындағы пневмония азайған, одан болатын өлім-жітім 20% төмендеген.
Дәрігерлер вакцина салдырған азаматтар да пневмококк инфекциясын жұқтыратынын айтып отыр. Алайда екпе жасаған және жасатпаған адамда аурудың клиникалық көрінісі әртүрлі болатынын тәжірибеден байқаған.
Медицина ғылымдарының докторы, профессор Ләззат Ерәлиева «Ата-аналарға ауруды емдеудің емес, оның алдын-алудың оңай екенін айтып отыр.
Тәжірибемнен пневмококк менингитіне шалдыққан көп баланы білемін. Өкінішке қарай, ешқайсы 100% жазылып, қалпына келе алмады. Олар инфекциядан әлі күнге дейін жапа шегіп жүр. Сол себепті әр ата-ана баласының вакцинация күнтізбесінде қарастырылған екпелерді алуы қажет екенін түсінсе екен. Өйткені бұл – балаңызды қорғаудың ең қауіпсіз әрі тиімді әдісі, — дейді Ләззат Ерәлиева.
Материалды әзірлеу кезінде төмендегі дереккөздер пайдаланылды:
- «Иммунизация на практике» 2014, С.А.Әміреев, А.С.Есмағамбетова, А.М.Қуатбаева, В.К.Таточенко, Ш.У.Жандосов, Н.Жайықбаева
2. Пневмококковая инфекция, ДДҰ
3. Қырық күн: маңызы мен мәні қандай? Halyqline.kz
4. Екпе егуге бола ма? Muftyat.kz
5. Вакцина против пневмококковой инфекции снизит младенческую смертность в Казахстане на 20%, Zakon.kz
6. Какие прививки входят в казахстанский календарь вакцинации, Vlast.kz
Мақалада келтірілген пікірлер материалды дайындаған авторларға тиесілі және Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілдігінің және Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің (USAID) көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.