Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ президентімен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  БАӘ президенті шейх Халифа бен Зайд Әл Нахаянның қайтыс болуына байланысты осы елдің жаңадан сайланған президенті, Абу Дабидің билеушісі шейх Мұхаммед бен Зайд Әл Нахаянға және билеуші әулеттің мүшелері мен Әмірліктер халқына көңіл айту үшін Біріккен Араб әмірліктеріне келді. Көшбасшылардың кездесуі Абу Дабидегі Қасру-л Мушриф президент сарайында өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан көңіл айтып, шейх Халифаның елді өркендету жолындағы ерен еңбегін атап өтті.

Әмірліктердің ел ішіндегі және халықаралық деңгейдегі көптеген жетістігі шейх Халифаның есімімен байланысты. Оның дана басшылығымен БАӘ Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың күшті жақтаушысы болды, сонымен қатар бүкіл араб әлемі үшін қарқынды экономикалық өсу мен әлеуметтік дамудың үлгісі болды. Сондықтан біз оның қайтыс болуын БАӘ үшін ғана емес, бүкіл әлем қоғамдастығы үшін орасан зор қайғы деп қабылдаймыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Халифа бен Зайд Әл Нахаянның Қазақстан мен әмірліктер арасындағы қатынастарды дамытуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.

Мұхаммед бен Зайд әль Нахаян, Тоқаев
Фото: Akorda.kz

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Мұхаммед бен Зайд Әл Нахаянды БАӘ президенті болып сайлануымен құттықтап, оның басшылығымен әмірліктердің одан әрі гүлдене беретініне сенім білдірді.

БАӘ президенті өз кезегінде осындай ауыр жағдайда арнайы келіп, жеке қолдау көрсеткені үшін Қазақстан көшбасшысына ризашылығын білдірді, сонымен қатар елорда көшелерінің біріне шейх Халифаның аты берілетініне алғысын айтты.

Кездесу соңында мемлекет басшысы БАӘ президентін Қазақстанға сапармен келуге шақыруын нақтылады.