Басты бет Жаңалықтар Нұр-Сұлтан тұрғыны кәріз құдығынан есірткі тауып алды

Нұр-Сұлтан тұрғыны кәріз құдығынан есірткі тауып алды

Нұр-Сұлтанда мүлік иелері бірлестігінің төрағасы кәріз құдығынан есірткі тауып алды. Қала тұрғыны бірден полицияға хабар берген.

Фото: Canoe.com

Нұр-Сұлтан полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратынша, есірткі оралған түйіншек Е-15 көшесіндегі «Меркурий» тұрғын үй кешенінің кәріз құдығына жасырылған.

Мүлік иелері бірлестігі төрағасы үй аумағын аралау барысында ақ түсті ұнтақ салынған, лентамен оралған полиэтилен түйіншек тауып алды. Ер адам бірден полицияға хабар берді. Оқиға орнына келген полицейлер белгісіз затты тәркіледі, — делінген хабарламада.

Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сараптама тағайындалды. Полиция тыйым салынған заттың тұрғын үй кешені аумағына қалай түскенін анықтап жатыр.

«Mercury Life» мүлік иелері бірлестігі төрағасы Рүстем Айтқожин қырағылық танытқаны үшін грамотамен марапатталды. Тәртіп сақшылары елорда тұрғынына белсенді азаматтық позициясы үшін алғыс айтты.

Exit mobile version