Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің айтуына қарағанда, бұл термин билік институттары арасында неғұрлым тиімді теңгерім жасайтын мемлекеттік басқару моделінің өзгеруін бейнелейды.
«Жаңа Қазақстан» – бұл маңызды қоғамдық трансформацияны жүзеге асыратын кең ауқымды идеологема болса, «Екінші Республика» – бұл мемлекеттік модельді өзгерту. Біріншісі — құндылықтар деңгейіндегі, ал екіншісі — институционалдық, құқықтық деңгейде жүзеге асатын өзгерістер. Президент 16 наурыздағы жолдауында нақты жаңа саяси бастамаларды жария еткенін және оларды жүзеге асыру іс жүзінде басталып кеткенін ескерсек, «Екінші республикаға» көшу жақын арада болады деп айтуға болады, — деді Ерлан Қарин.
Amanat партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов елімізде саяси жүйені трансформациялау партияны жаңғыртудан басталғанын айтты.
Заңнаманы либерализациялауды, жаңа партияларды тіркеу рәсімдерінің жеңілдетілуін ескерсек, еліміздің партиялық-саяси алаңына жаңа ұйымдардың келетінін түсіну қиын емес. Бұл – біздің партиямыз үшін өзінің ұзақ мерзімді, жауапты көшбасшылыққа және бәсекеге дайын екенін дәлелдеу мүмкіндігі, — деді Асхат Оралов.
«Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботаревтің айтуынша, «республика» әркез сайлау жолымен қалыптасатын мемлекеттік билік жүйесін айқындап келді.
Біз сайлау жүйесі қаншалықты қарқынды реформаланып жатқанын көріп отырмыз. Алдымен ауыл әкімдерін сайлау институты енгізілді. Кейін аудан әкімдері сайланады. Сайлау процесіне мажоритарлық жүйенің элементтерін қайтару жұмысы жүріп жатыр. Бұл — жаңашылдықтың, жақсылықтың нышаны. Бұл тек идеологияның немесе ұғымдардың өзгеруі ғана емес, анығында бұл — алға жылжудың, дамудың айғағы, — деді Андрей Чеботарев.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның пікірінше, бүгінде қазақстандықтар Конституция ғана емес, мемлекеттік басқару жүйесі де өзгеріп жатқан тарихи кезеңде өмір сүріп жатыр.
Біз мемлекет болудың бұрынғы форматынан бас тартпаймыз. Алайда оған қайтып оралмайтынымызды да түсінген жөн. Жасыратыны жоқ, ел азаматтарының басым көпшілігі өзге мемлекеттердің, қайсыбір утопиялардың сезімімен өмір сүреді. Қазір өз кеңістігімізге оралып, өз күн тәртібімізбен өмір сүруді үйрену маңызды, — деді депутат.
Кездесу барысында Еуразиялық интеграция институтының директоры Оразғали Селтеев, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры, профессор Марат Бәшімов өз пікірлерін бөлісті. Залдағы қатысушылар ғана емес, онлайн-көрермендер де сұрақтарын қойды.
Talqylau диалог алаңын құру бастамасы Amanat партиясының 1 наурызда өткен кезектен тыс съезінде партиялық трансформация бағдарламасы тармақтарының бірі ретінде көтерілген еді. Алдағы уақытта Talqylau отырыстары түрлі форматта ұйымдастырылып, онда пікірталас, подкасттар жазу, дебаттар қолға алынады. Алаңда сарапшылар, депутаттар, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін тұрақты түрде кездесіп отырады.