Басты бет Жаңалықтар Қазақстан Ресеймен арадағы экономикалық өзара қатынас деңгейін сақтауға ниетті

Қазақстан Ресеймен арадағы экономикалық өзара қатынас деңгейін сақтауға ниетті

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді "Хабар 24" телеарнасына берген сұхбатында Қазақстан Ресеймен арадағы экономикалық өзара қатынас деңгейін сақтауға ниетті екенін айтты.

Фото: Wtcmoscow.ru

Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның Ресейге қарсы санкцияларға неге қосылмайтынын түсіндіре отырып, Ресей экономикасының оқшаулануы ұзақмерзімді перспективада бүкіл жаһандық экономиканың дамуына нұқсан келтіретінін атап өтті.

Министрдің айтуынша, әлемдегі ең ұзын шекараға ие Қазақстан ресейлік серіктестермен арада қалыптасқан сауда-экономикалық өзара қатынас деңгейін сақтап қалуға ниетті. Сонымен қатар, Қазақстан ЕАЭО мен ДСҰ-ның толық құқылы мүшесі бола отырып, РФ және басқа елдермен де сауда қатынастарын ілгерлетуді жалғастырады.

Халықаралық қауымдастық Мәскеу мен Киев арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен шешуге одан әрі ықпал етуі керек деп санаймыз. Біз өз тарапымыздан Ресей мен Украина арасындағы тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз,- деді сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

Министрдің пікірінше, тәжірибе көрсеткендей, кез келген экономикалық немесе саяси санкцияларды қолдану халықаралық даулар мен қақтығыстарды шешудің тиімді әдісі болып табылмайды.

Exit mobile version