Сериалдардағы синглизм элементі және «Жайна+»

Синглизм – жалғызбасты адамдарды шеттету, стереотиптеу. Қоғамда отбасын құрмаған кейбір адам өзгелердің қысымына ұшырап жатады. Бұл нәрсе қазіргі сериалдардың сценарийіне де арқау болып жатыр.

«Жайна+» — Salem social media түсірген сериал. Сериалдың анықтамасындағы «27 жаста қасыңдағы әрбір еркекті күйеу ретінде қарастыру керек пе? Қоғамның қысымында жүру өте қиын…» деген сөйлемнің өзі синглизмнен хабар беріп тұрғандай.

Сериалда 27 жастағы тұрмысқа шықпаған Жайна есімді кейіпкер ата-анасы, бауырлары, достары мен әріптестері, тіпті көршілерінің тарапынан тұрмысқа шықпағаны үшін түрлі сөз естіп, өмірлік серігін іздейді. Сюжет бойынша түрлі «кандидат» кездеседі: қыздарға көз қырын салатын бастық, отбасының қысымына ұшырап қыз іздеп жүрген гомосексуал, әйелі, баласы бар отағасы, жеке шекарасы мен сүйіктісін қорғай алмайтын жігіт.

Сценарий авторы Перизат Мырзахметтің айтуына қарағанда, Жайна және сериалдағы кейіпкерлер — өмірдегі адамдардың жиынтық образы. Ол сонымен бірге көрермендердің бұл сериалды отандық Netflix кезеңінің басталуы деп бағалағанын айтты. Сериалдың ашық финалмен аяқталуы қоғамдағы бұл проблема әлі шешімін таппағанын аңғартады. «Жайна+» сериалының жалғасы түсіріліп не түсірілмейтіні туралы нақты ақпарат әлі жоқ.

«Қарлығаш ұя салғанда»

Синглизм мен «кәрі қыздарға» жасалатын дискриминацияны арқау еткен тағы бір сериал – «Қарлығаш ұя салғанда». Жобаның авторы әрі продюсері – Гүлнұр Мамасарипова. Бас кейіпкер Қарлығаш – жеке компаниясы, үйі, көлігі мен жүргізушісі бар табысты кәсіпкер. Бірақ 32 жасқа дейін тұрмысқа шықпағаны үшін «кәрі қыз» атанған.

Сюжет бойынша Қарлығаш көршісі Тасқын есімді жігітке ғашық болады. Тасқын – үш қызы бар жалғызбасты әке, зергер. Қарлығаштың бұрынғы махаббат хикаясы, қатал жүріс-тұрысы, Тасқынмен қарым-қатынасы арқылы шығармашылық топ дәстүрлі қазақ қоғамында отбасын құрудағы стереотиптердің күрделі екенін аңғартады. Тым ерте тұрмысқа шығу, тым кеш тұрмысқа шығу, жар таңдауда ескерілуге тиіс шарттардың болуы адамдардың таңдау еркіндігін шектейтінін аңғартады.

«Қарлығаш ұя салғанда» сериалының алғашқы маусымы бас кейіпкердің отбасын құруымен аяқталады. Бірақ шығармашылық топ «Қарлығаш ұя салғанда 2» арқылы «үйлену оңай, үй болу қиын» екенін көрсетуге тырысады.

Екі сериал да YouTube желісінде 800 мың қаралым жинаған. Көрермен тарапынан түрлі пікір жазылып, әлеуметтік желіде талқыға түсуінен синглизм мен «кәрі қыз» ұғымы қоғамда актуал екенін аңғаруға болады.

«Жайна+» сериалының сценарий авторы Перизат Мырзахметтің айтуынша, сериал мақсатты аудиторияның 30%-ін қамтыған. Статистика бойынша көрермендер арасында 18-34 жас аралығындағы жастар, әсіресе, қыздар көп. Жалпы көрерменнің 40%-інің ер адам болуы бұл проблема еркектерді де алаңдататынын көрсетеді.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінің көп елінде бар проблема. Біріккен ұлттар ұйымының дерегінше, Қазақстанда жылына 400 әйел тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан қайтыс болады. Ресми деректерге сүйенсек, әсіресе 2017 жылдан бастап тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты тіркелген қылмыс санының тұрақты өскенін байқауға болады.

ҚР ішкі істер министрлігі ұсынған 2009-2020 жылдар аралығында Қазақстанда тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстары туралы статистикалық деректер

ҚР стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистика бюросының  мәліметтеріне көз жүгіртсек, кейінгі жылдары тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты арыз көбейгенін байқауға болады.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық фактілері бойынша шығарылған қорғау ұйғарымдары мен белгіленген ерекше талаптар саны

Арыз-шағымның көбеюі, БАҚ, әлеуметтік желі мен медиада зорлық-зомбылықтың ашық жариялана бастауы қоғамның бұл мәселеге назарын аудартты. Киномамандар да осы тақырыпта туынды таспалауға қызығушылық танытты.

«Өмірге ешкім мыстан болып келмейді»

Драмеди жанрында түсірілген Mystan веб-сериалы зорлық-зомбылыққа ұшыраған үш әйелдің тағдырын бір оқиғаға топтастырған. Salem social media мен ARTDealers компаниясы түсірген сериал 12 бөлімнен тұрады.

Сюжет бойынша оқудан тыс уақытта жедел жәрдемде жұмыс істейтін студент Томирис шектен тыс есірткі қолданған бақуатты азаматтың баласына медициналық көмек береді. Кейін байдың баласы оны зорлап, Томиристің зорлық туралы арызын полиция қызметкері тіркемей қояды. Екінші кейіпкер Сымбат – отбасы бар азаматтан жүкті болып қалған студент. Ол базарда өзін алдап кеткен еркекпен ұрысқанда қасапшы Перизат араша болады. Перизат қасапшы болғанға дейін күйеуінен зорлық көріп, баласынан айырылған.

Оқиға үшеуінің бір уақытта полиция бөлімшесіне түсуінен басталады. Ер адамдар мен әділетсіз қоғамға деген реніші бар үш әйелдің мақсаты – әділдікке өз бетінше жету. Себебі заң мен құқық қорғаушылар тарапынан қолдау көрмейді, бірақ бұл күрес жолы трагедия мен шығынға, қантөгіс пен зорлық-зомбылықтың жантүршігерлік көріністеріне толы. «Өмірге ешкім мыстан болып келмейді» деген кейіпкердің сөзі қоғамдағы қатал заңдар мен әйел даусының естілмеуі, пікірінің еленбеуі үлкен дерт екенін білдіреді.

Mystan сериалы көрермендер үшін де психологиялық жағынан өте ауыр. Айта кетейік, бұл сериал Webfest Berlin атты Германиядағы халықаралық веб-сериалдар фестивалінде «Үздік драма» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған.

Z ұрпақ және дәстүрлі стереотип

Кейбір заманауи сериалдарда зорлық-зомбылықты ашық көрсетпесе де коннатация арқылы қосымша мағына беруге ұмтылатыны байқалады. Mystan сияқты психологиялық ауыр сериалдар 18 жастан асқан көрермендерге арналған. Ал балалар мен жасөспірімдерге арналған туындыларда гендер теңдігі мен зорлық-зомбылық мәселесі қалай көрініс табады?

Bir toqsan сериалындағы месседж

2019 жылы желтоқсанда Gakku TV арнасының YouTube парақшасына шыққан Bir toqsan веб-сериалының алғашқы бөлімі 5,8 миллион рет қаралған. Cериал мектептегі жоғары класс оқушыларының күнделікті өмірі туралы.

Мектептің ескі заңына бағынбайтын, күнделікті өмірін әлеуметтік желі мен виртуал әлеммен өлшейтін жасөспірімдердің әрекеттері консерватив жүйеге жасалған қарсылық ретінде көрініс табады. Мектеп оқушыларының өздерін еркін ұстауы, ұстаздардың ескертуін мойындамауы класс жетекшісін емханадан бірақ шығарады. Сериалдағы шиеленіс бұрынғы класс жетекшісінің орнына оның шетелде білім алған ұлының келуімен басталады.

Веб-сериалда Z ұрпағының мінез-құлқы дәл көрсетілгенімен, әйел мен бала құқығын қорғау, гендер теңдігі мәселесінің дәстүрлі қазақ қоғамында әлі шешімін таппағаны байқалады. Шығармашылық топ гендер теңдігі мәселесін көрсету үшін арнайы кейіпкерлер таңдап алған және әйелдерге қатысты стереотиптерді кейіпкер арқылы айтқызып, әжуалап, сарказм элементін қосқан.

Сериалдың алғашқы бөлімінде мектеп оқушылары диалогта «Қызды әлі сындыра алмай жүр» (1-бөлім, 1:55 – 2:00), «подкаблучник» (1 бөлім, 6:40 – 6:44) сөздерін қолданады. Сонымен бірге сериалда әйелдердің зорлық-зомбылық көруін қалыпты жағдай деп қабылдайтын және оқушыларды сондай көзқарасты қолдауға үндейтін оқытушының диалогы да кездеседі.

Мысалы, 3-бөлімде абайсызда доп тиіп, көзі көгеріп қалған оқушы қызға ұстазы «Зарина, басыңды көтер, ештеңе етпейді. Біздің елде, жалпы осы аймақта әйел адамдарға үлкен қысым көрсетіледі. Ақылдысың ғой, күлші енді. Мен саған за улыбку «бес» қоям» деп сабағын әрі қарай жалғастыра береді.

Осы диалог арқылы шығармашылық топ қоғамда бұл проблеманың бар екенін көрсеткісі келеді, бірақ дәстүрлі көзқарастағы педагог сөзінен оқушыларды зорлық-зомбылыққа көнуге үгіттеуі байқалады. Оқушының өмірлік көзқарасы қалыптасатын ортада жеке адамның мұндай пікірін манипуляция етіп көрсетуді әркім әртүрлі қабылдауы мүмкін.

Ұстазының осындай «жұбатуы сөздерін» естіген Зарина сериалдың 9-бөлімінде былай дейді: «Менің ойымша, әрбір қыз баланың міндеті, өмірге келген басты мақсаты, ол – отбасын құру, ана атану деп ойлаймын. Мен де сол сияқты, менің өмірдегі басты мақсатым адал жар болып, өмірге балалар әкеліп, ана болғым келеді. Менің үш балам болса деп армандаймын…» 

Қорыта айтқанда, балалар мен жасөспірімдерге арналған туынды түсіргенде мамандар әр нәрсеге тиянақты қарауы керек сияқты. Өйткені жасөспірім кез келген нәрсені тура мағынасында қабылдауы мүмкін. Мысалы, осы веб-сериалда үздік оқушы, сыныптың старостасын үлгі тұтатындар да оның айтқаны үнемі дұрыс деп қабылдауы ғажап емес. Сонымен бірге болашағынан үлкен үміт күттіретін қыздың арманы тек отбасы, ошақ қасымен шектеу идеясы – әйелдердің қоғамдағы ролі мен деңгейін төмендету.