Басты бетМедицинаАуруды қашықтан анықтау. ІТ саласы медицинаға қандай мүмкіндік беріп отыр?
Ауруды қашықтан анықтау. ІТ саласы медицинаға қандай мүмкіндік беріп отыр?
Қазақстан ғалымдары диабеттік ретинопатия аталатын көз ауруын қашықтан тексеруге мүмкіндік беретін скрининг жоба әзірледі. Бұл қандай жоба? Науқастың көзін қашықтан диагностикалау мүмкін бе? Baribar.kz тілшісі жоба жетекшісі Еркебұлан Жәнібекұлынан осы жөнінде сұрады.
Жобаны әзірлеуші Еркебұлан Жәнібекұлының айтуына қарағанда, диабеттік ретинопатия — қант диабетінің ең ауыр асқынған түрі және көз торының ең ауыр ауруы. Оны емдемесе, адам көру қабілетінен толық айырылуы мүмкін. Оның үстіне, диабеттік ретинопатияның алғашқы кезеңдері симптомсыз болғандықтан, көп жағдайда науқастың көбі денсаулығындағы проблеманы білмей жатады екен. Маманның сөзінше, олардың әзірлеген скрининг жобасы дәл осы диабеттік ретинопатия ауруын ерте кезден және қашықтан анықтауға мүмкіндік береді.
Біздің компания ғылым қорының грантын жеңіп алды. Соның аясында біз диабеттік ретинопатияны қашықтан диагностикалауға арналған бағдарлама жасап шықтық. Бұл жүйенің арқасында медицина маманы көз түбін суретке түсірсе, офтальмолог басқа жақта отырып-ақ, қорытынды жасай алады, — дейді ол.
Фото: ұлттық биотехнология орталығы
Бұл бағдарламаның ерекшелігі — науқаста диабеттік ретинопатия диагнозының болып-болмауын 91%-ке нақты біле алады.
Бағдарламаға көз түбінің фотосуреттерінен диабеттік ретинопатияның бар-жоғын және бар болған жағдайда оның қай деңгейде екенін анықтайтын жасанды интеллект алгоритмі енгізілген. Жүйенің анықтау көрсеткішін одан әрі жақсарту жұмысымен айналысып жатырмыз, — дейді жоба авторы.
Фото: ұлттық биотехнология орталығы
Қазақстан ғалымдары жобаны тестілеуді 2020 жылы бастап кеткен. Қазіргі күні жүйе еліміздің алты өңіріндегі 17 емханаға енгізілген. Науқастар тегін тексеріле алады.
Былтыр 20 мыңнан астам адам тексерілді. Бұл сол адамның барлығы қант диабетімен ауырады деген сөз емес, дегенмен солардың ішінде диабеттік ретинопатиясы бар науқастар анықталып, қосымша тексерілуге жіберілді, — дейді Еркебұлан Жәнібекұлы.
Фото: ұлттық биотехнология орталығы
Маманның айтуынша, көз түбін суретке түсіретін камералар көп елде скрининг үшін қолданылады. Сонымен бірге мұндай цифрлы диагностиканың адам ағзасына еш зияны жоқ екен.
Жалпы басқа да ауруларды дәл осылай қашықтан және лезде диагностикалауға көмектесетін жоба дайындауға болады. Дегенмен қазір жүйеміз арқылы тек диабеттік ретинопатияны анықтауға мүмкіндік береді. Болашақта жобаны медицинада кеңірек пайдалану мәселесін қарастырып жатырмыз, — дейді ғалым.