Басты бет Қоғам Нұр-Сұлтанның Сарыарқа және Есіл аудандарының әкімі тағайындалды

Нұр-Сұлтанның Сарыарқа және Есіл аудандарының әкімі тағайындалды

Жүсіп Жұмағұлов Сарыарқа ауданының, Асылбек Есенбаев Есіл ауданының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Асылбек Есенбаев (сол жақта), Жүсіп Жұмағұлов (оң жақта).

Президент әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша меритократия қағидатына сәйкес Сарыарқа және Есіл аудандарының әкімдері тағайындалды.

Сарыарқа ауданының әкімі болып президенттің жастар кадры резервінің мүшесі Жүсіп Жұмағұлов тағайындалды. Ол еңбек жолын астананың инвестициялар және даму басқармасының маманы болып бастаған. 2016-2019 жылдары дін проблемаларын зерттеу орталығы басшысының орынбасары, астананың қоғамдық даму істері басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін 2020 жылдан бастап Нұр-Сұлтан әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымын атқарды.

Есіл ауданының әкімі болып Асылбек Есенбаев тағайындалды. Ол еңбек жолын 2001 жылы бастаған. Әр жылдары астана әкімдігінде, ҚР президентінің әкімшілігінде, ҚР премьер-министрінің кеңсесінде қызмет атқарған. 2019 жылдан бастап 2021 жылғы наурызға дейін Нұр-Сұлтан құрылыс басқармасының, тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы лауазымын атқарды. 2021 жылғы сәуір айынан бастап «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасы лауазымын атқарды.

Еске салайық, кеше, 10 қаңтарда Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасарлары тағайындалғанын хабарлаған едік.

Exit mobile version