Басты бетҚоғамАлматының сыбайлас...

Алматының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы таныстырылды

Қала әкімі бизнес-сала өкілдерінің стратегиялық құжатты талқылауға қатысуының маңызын және қаланың бизнес ахуалын жақсарту мақсатында одан әрі табысты ынтымақтастыққа үмітті екенін айтты.

Биылғы 21 қаңтарда мемлекет басшысы бизнес-қауымдастықпен кездесіп, кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын және орта бизнесті қолдау және дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес, біз кәсіпкерлік қоғамдастықтың өзекті мәселелерін талқылау үшін пікірталас алаңдарын құрып жатырмыз, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Алматының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Мұрат Ахметов 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын таныстырды.

Тұжырымдаманың маңызды басымдықтарының бірі — адал бизнесті дамыту. Тұжырымдама жобасында бизнесті сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізуге ынталандыру көзделеді. Корпоративтік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға ерекше назар аудару қажет, — деді Мұрат Ахметов.

Тұжырымдаманы қала кәсіпкерлері, оның ішінде түрлі қызмет салалары бойынша ірі, орта және шағын бизнес өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен Алматы кәсіпкерлер палатасының басшылары талқылады.

Кездесу соңында қатысушылар пікірлерін бөлісіп, парасатты бизнесті ынталандыру бойынша ұсынылған нұсқаларды талқылады, тұжырымдама жобасына ұсыныстар енгізді. Бизнес-қоғамдастықтың барлық идеясы мен ұсыныстары ескерілетін болды.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев тұжырымдама жобасын қалалық газеттерде жариялауды және Almaty ТА алаңында пікірталас жасауды тапсырды.