35-гвардиялық десанттық-шабуыл бригадасы командирінің орынбасары подполковник Сәндібек Хаиров әскери қызметшілерді қала әкімдігінің шабуыл жасалған ғимаратынан шығарды, бірақ өзі қорғана алмады.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Оның ерлігі әрқашан батылдық пен офицерлік абыройдың үлгісі, әскери борышын атқарудың өнегесі болады.
Қаза тапқан әскери қызметшілерді, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін еске алу Республика алаңында орнатылатын мемориалда мәңгі сақталады. Бұл біздің елімізді террористерден қорғап, бейбітшілікті сақтап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткендерді еске алу үшін ұрпақтарға арналады, — деді Бақытжан Сағынтаев.
Қала әкімі Сәндібек Хаировтың отбасына материалдық көмек көрсетілгенін, сонымен бірге пәтер бөлінетінін айтты. Марқұмның артында жұбайы мен екі баласы қалды.