Әлемде 275 миллионнан астам коронавирус жұқтыру жағдайы тіркелген. Тәулігіне 500 мыңнан астам жағдай тіркеліп, 5,3 миллионнан астам адам қайтыс болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық бөлігінде 54 елдің 15-інде соңғы аптада сырқаттанушылықтың артқаны байқалды. Соңғы 14 күнде Данияда сырқаттану 70% асқан, Италияда, Швецияда – 50%, Франция, Ұлыбританияда – 40% астам өскен, Новергия мен Португалияда – 30% астам өсті, — деді Жандос Бүркітбаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, Қазақстанда соңғы аптада сырқаттану 31% төмендеді. Әлемдік рейтингте Қазақстан КВИ-ге қарсы екі дозамен вакциналау бойынша 208 елдің ішінде 103-орында. Оның ішінде ТМД елдері арасында Қазақстан екінші орында тұр, халық санының 44,5% вакцинамен қамтылған.
Республикада ПТР-тесттің оң нәтижесімен 984 мыңға жуық жағдай және теріс нәтижесімен 83 мыңға жуық жағдай тіркелген. Науқастардың 96% астамы жазылып шықты. 18 852 науқас емдеуді жалғастырып жатыр.
Жалпы Қазақстанда соңғы 4 айда сырқаттану 16 есе төмендеді, репродуктивті саны – 0,9 және тамыз айымен салыстырғанда 1,2 есе төмендегені байқалады, — деді министр.