Басты бет Қоғам Нұрсұлтан Назарбаев Мария Мудряктің концертіне барды

Нұрсұлтан Назарбаев Мария Мудряктің концертіне барды

Қазақстанның бұрынғы президенті "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрына барып, белгілі опера әншісі Мария Мудряктың "Саған арнаймын, менің Қазақстаным!" атты жеке концертін тамашалады. Бұл туралы Elbasy.kz хабарлады.

Фото: Elbasy.kz

Концерт Қазақстанның тұңғыш президенті күніне және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Мерекелік бағдарламаға сонымен бірге баритон Владимир Стоянов (Болгария) және «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі қатысты. Дирижеры – Альвизе Казеллати (Италия).

Концерттен кейін Нұрсұлтан Назарбаев Мария Мудрякпен әңгімелесті. Әнші өзінің шығармашылық жоспарын бөлісті. Қазақстанда тағы бірнеше концерт өткізуді жоспарлап отырғанын, сонымен бірге Біріккен Араб Әмірліктерінде дүниежүзілік ЭКСПО көрмесінің қонақтарына арнап өнер көрсететінін айтты.

Мария Мудряк және Нұрсұлтан Назарбаев
Мария Мудряк және Нұрсұлтан Назарбаев. Фото: Elbasy.kz

Нұрсұлтан Назарбаев опера әншісінің жоғары кәсіпқой өнерпаз екенін атап өтіп, оған шығармашылық табыс тіледі.

Айта кетейік, Мария Мудряк Миландағы Жоғары музыкалық академияда білім алған, сондай-ақ Дж.Верди атындағы мемлекеттік консерваторияны табысты бітірген. Халықаралық музыкалық конкурстардың лауреаты. Әлемге әйгілі театр сахналарында өнер көрсетіп, жұртшылыққа танылған.

Exit mobile version