Басты бет Қоғам «Абай» шахтасындағы жарылыс бойынша қылмыстық іс қозғалды

«Абай» шахтасындағы жарылыс бойынша қылмыстық іс қозғалды

Алты адамның өліміне себеп болған "Абай" шахтасындағы төтенше жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Бұл туралы Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Абай ауданындағы шахтада метан газының жарылуы дерегі бойынша ҚР ҚК 277-бабы 3-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр, — делінген полиция хабарламасында.

Еске салайық, бүгін, 7 қараша күні, сағат 08.37-де Қарағанды облысындағы «Абай» шахтасында метан газының кенеттен жарылуынан 6 адам қаза тапты. 2 адам зардап шекті. Екеуі де жансақтау бөлімінде жатыр.

Қаза тапқан және зардап шеккен кеншілердің аты-жөні жарияланды.

Шахтада барлығы 64 жұмысшы болды. 56 адам оқиға орнынан шығып үлгерген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан кеншілердің жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы Үкіметке шахтерлардың отбасына көмек беруді тапсырды.

Exit mobile version