Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жүргізілген шолу нәтижелері бойынша АҚШ Көлік қауіпсіздігі әкімшілігінің (TSA) сарапшылары елдегі авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жоғары деңгейін атап өтті және азаматтық авиацияны заңсыз араласу актілерінен қорғау бойынша жүргізіліп жатқан шараларға оң баға берді. Қазақстанның авиациялық билік орындарының шақыруы бойынша қазақстандық әуежайларды рейстерге қызмет көрсету қабілетіне сертификаттау және Америка Құрама Штаттарына тікелей әуе маршрутын ашу үшін CAT1 тағайындау бойынша жұмыстар басталды, — делінген хабарламада.
Ведомствоның хабарлауынша, АҚШ Көлік қауіпсіздігі әкімшілігінің сарапшылары авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағдайын бағалау мақсатында Азаматтық авиация комитетінде, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінде, Нұр-Сұлтан және Алматы әуежайларында болды.
АҚШ Көлік қауіпсіздігі әкімшілігінің командасы авиациялық қауіпсіздік саласындағы қолданыстағы нормативтік құқықтық актілер мен сапаны бақылау іс-шаралары Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынылатын практикасына сәйкес келетінін атап өтті. Нұр-Сұлтан және Алматы әуежайларында жүргізілетін шаралар мен рәсімдер халықаралық талаптарға сай келеді, ал кейбір аспектілер бойынша шаралар белгіленген стандарттардан да жоғары. Мысалы, әуежайдың периметрін күзету және қорғау, қолжетімділігі күзетілетін аймақтарда кіруді бақылауды қамтамасыз ету, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін персоналды іріктеу және біліктілігін арттыру, бортта тамақтану, жүкті және поштаны тексеру жөніндегі шаралар, — делінген министрлік таратқан хабарламада.