Басты бетЭкономикаҚазақстанда инфляция...

Қазақстанда инфляция 9%-ке жуықтады

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді.

Көкөніс бағасының 8,7% және жеміс бағасының 2,4% маусымдық төмендеуіне қарамастан, Қазақстанда инфляция 8,9%-ке жетіп, жылдамдауын жалғастырды, — деді Ерболат Досаев Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, монетарлық емес факторларды тұрақтандыру үшін биыл қыркүйекте үкімет әкімдермен бірлесіп инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенін іске асыра бастады. Соның нәтижесінде әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бағасы тамыздағы ең жоғары 10,4%-тен қыркүйекте 9,6%-ке дейін төмендеген.

Алайда қазанның бірінші аптасының қорытындысы бойынша баға тағы да өсіп, жыл басынан бері 9,9% көтерілді.

Әлеуметтік маңыздағы азық-түліктің қымбаттауына жұмыртқа, тауық еті, қырыққабат, қант пен сиыр еті бағасының өсуі әсер етті.

Қыркүйекте дизель отынының бағасы 3,8% өсті, ал жекелеген облыстарда 10%-тен асты. Өндірістің ұлғаюы мен экспорттың тоқтауына қарамастан, дизель отынының тапшылығы байқалуда. Бұл инфляциялық қысымды күшейтіп, басқа тауарларға жанама әсер етіп жатыр, — деді Ұлттық банк төрағасы.

Ерболат Досаев өткен айда 17 өңірдің 13-інде жылдық инфляция жеделдегенін мәлімдеді. Алты облыста инфляция 9%-тен асқан.

Ұлттық банк төрағасы инфляцияны «ұстап тұру» үшін өңірлік нарықтарда бағаны тұрақтандырып, тауарлар тапшылығына жол бермеу керек екенін айтты.