Басты бет Қоғам Асқар Мамин Chevron компаниясының вице-президентімен кездесті

Асқар Мамин Chevron компаниясының вице-президентімен кездесті

Премьер-министр Асқар Мамин "Шеврон" (Chevron) компаниясының өндіру мәселелері жөніндегі вице-президенті Джеймс Джонсонмен келіссөз жүргізді.

Фото: Primeministr.kz

Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Тараптар «Теңізшевройл» болашақ кеңейту жобасын іске асыру, Қарашығанақ жобасын кеңейту және Каспий құбыр консорциумының қуатын арттыру перспективасы мәселелерін талқылады.

Заманауи экологиялық таза технологияларды қолдану, әлеуметтік жобаларды іске асыру, денсаулық сақтау және еңбек қауіпсіздігі саласында жоғары стандарттардың сақталуын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

«Шеврон» үш ірі жобада – Теңіз (50%), Қарашығанақ (18%) және Каспий құбыр консорциумы (15%) жобаларында активтері бар Қазақстандағы аса ірі шетелдік инвестор.

2020 жылы «Теңізшевройл»-да шикі мұнай өндіру көлемі 26,5 миллион тоннаны құрады. Мемлекетке 6,6 миллиард доллар көлемінде тікелей қаржылық төлемдер жүзеге асырылды, 3,5 миллиард доллар астам сомаға қазақстандық жеткізушілердің тауарлары мен қызметтері сатып алынды.

Биыл «Теңізшевройл»-да 26,3 миллион тонна көлемінде мұнай өндіру жоспарлануда. 2021 жылдың 8 айында мемлекетке төлемдер 4,9 миллиард құрады. Болашақ кеңейту жобасының аяқталуы 2023 жылдың соңында өндіру көлемін жылына 12 миллион тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.

«Теңізшевройл» газы Атырау облысында полипропилен (қуаты жылына 500 мың тонна) және полиэтилен (жылына 1,25 миллион тонна) өндіретін екі ірі газ-химия жобасы үшін шикізат болып отыр.

Келіссөз қорытындысы бойынша Энергетика министрлігі мен «Шеврон» компаниясы арасында Қазақстанда 248,5 миллион доллар көлемінде Тікелей инвестициялар қорын құру бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандум Қазақстанның мұнай-газ саласындағы, қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ ақпараттық және цифрлық технологиялар саласындағы тауар өндіру, жұмыстарды орындау және қызметтерді ұсыну жөніндегі коммерциялық кәсіпорындарға инвестиция салу жолымен экономиканы және жергілікті қамтуды дамыту үшін қор құруды көздейді.

Қор капиталын «Шеврон»-ның Қазақстанда алған пайдасының бір бөлігі құрайды.

Кездесуге Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаиясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алик Айдарбаев қатысты.

Exit mobile version