Бастығыңызбен «шайқасты» бастамас бұрын, дұрыс стратегия құрып алғаныңыз жөн. Егер бастығыңыздың мінезі ауыр болса, оған «жаман бастық» атағын бермей тұрып, іс-әрекетінің себебін түсінуге тырысыңыз.
Нашар мінез
Барлық қолайсыздықтың себебі нашар мінез болуы мүмкін. Кейбір бастықтар табиғатынан ауыр мінезді болып жаратылады. Олар айналасына негатив таратудан жалықпайды. Сол себепті де өздерін бақытсыз сезінеді. Алайда ол кемшілігін байқамауы немесе мойындамауы мүмкін. Мұндай бастықтар қол астындағы жұмысшыларына күле қарап, төмендетуден қысылмайды. Дегенмен, «жаман бастық» болғысы келмейтін мінезі ауыр тұлғалар да болады. Тіпті олар қызметкерлеріне жақпайтынын білмеуі де мүмкін. Өз істерін әрдайым дұрыс деп санап, мықты көшбасшы екендігіне сенімді болуы да ғажап емес.
Кері байланыстың болмауы
Кейбір басшылар өзінің кемшіліктерін байқамауы мүмкін. Айналасындағылардың қателігі: ол туралы өзіне айтуға батпайды. Дегенмен, кей басшылар шынымен де мұндай «туралықты» көтере алмауы мүмкін. Сынды мін деп қабылдап, өзіне шаң жуытпауға тырысады. Осылайша арадағы байланыс қиындай түседі.
Көзбе-көз жүздесудің азаюы
Қазіргі уақытта техниканың дамуы салдарынан адамдар байланыстың барлық түрін электронды нұсқалармен алмастырған. Бастығыңыз қандай да бір мәселе немесе тапсырма беру үшін электронды поштаңызға хат жібере салуы немесе жай ғана қоңырау шалып, айта салуы мүмкін. Көзбе-көз жүздесудің азаюы адамдардың бір-бірін түсінуін шектейді. Бұл — қызметкер мен бастық арасындағы байланысты алшақтататын ең басты қателік.
Шектен тыс бақылау
Сіздің бастығыңыз компаниясының әрбір бөлшегін тамырын басып, көзбен көріп отыруды қалайтындардан болуы мүмкін. Бұл бәлкім өткен шақта орын алған қателікті болдырмаудың алдын алу шығар. Сол себепті де ол қызметкердің «желкесінде тұрып», әр ұсақ-түйектің мән-жайынан хабардар болып отыруды жөн санайды.
Бастығыңызды адам төзбес әрекеттерге баруға итермелейтін түрлі себептер болуы мүмкін. Дегенмен, себебін анықтасаңыз, шешімін табудың жолдарын қарастырыңыз. Ұсынылған төмендегі кеңестер қажетіңізге жарауы мүмкін.
Тапсырмаларыңызды маңыздылығына қарай сұрыптаңыз
Сізге жүктелген тапсырмалардың тізімін жасаңыз. Олардың орындалып бітуі тиіс уақытын да көрсетіп қойыңыз. Маңыздылығына қарай сұрыпталған тапсырмалар тізімін соңынан бастығыңызға көрсетіңіз. Оның келісімін алыңыз. Егер жаңа тапсырма келіп түссе, бастығыңыздан оның маңыздылығы жайлы сұраудан қысылмаңыз. Дәл осы қадаммен сіз жұмысыңызды жүйелеп, бастығыңыздың сізге жөн-жосықсыз тапсырманы ерте талап етуінің алдын аласыз.
Сізден не күтетінін біліп алыңыз
Түсініспеушіліктер орын алмас үшін, бастығыңыздың сізден не күтетіндігін түрлі жолмен анықтап алуға тырысыңыз. Оның ойынан шықсаңыз, оң көзқарасқа ие болатыныңызға сенімді болыңыз.
Сыйластық білдіріңіз
Бастығыңыздың бұл қызметке қалай тағайындалып, оған лайық емес екендігіңіз білсеңіз де, әрдайым құрмет білдіруді ұмытпаңыз. Қалай десеңіз де, оның қызмет дәрежесі сізден жоғары, сондай-ақ сізді қаржымен қамтамасыз етіп отырған да бастығыңыз екенін ескеріңіз. Сізде құрмет болса ғана, одан да сондай қарым-қатынасты күтуге болады.
Егер бұл кеңестер сізге де, бастығыңызға да көмегін тигізбейтіндігін білсеңіз, «құрбандық» болуды доғарып, нақты әрі белсенді әрекетке көшіңіз.
Бастығыңызбен сөйлесіңіз
Өзгелердің көзінше сөйлеспеңіз. Қолайлы уақытты тауып, сабырмен ашық әңгімелесіңіз. Мысалдар келтіре отырып, өзіңізге жайсыздық танытқан сәттерін есіне салыңыз, қандай әрекеттері шектен шығатындығын байыппен жеткізіңіз. Егер бастығыңыз тәжірибелі адам болатын болса, сізді түсініп, неліктен ондай қадамға баратындығын түсіндіріп береді. Бұл әңгіме сіздердің ара қатынастарыңызды жақстартуы, сондай-ақ ушықтырып жіберуі де ықтимал. Сондықтан барынша абай болыңыз.