Басты бетЖаңалықтарАрон Атабек денсаулығына байланысты мерзімінен бұрын босатылды

Арон Атабек денсаулығына байланысты мерзімінен бұрын босатылды

Бүгін қалалық №2 сот Арон Атабектің денсаулығына байланысты жазасын жеңілдету жөнінде ұсынысты мақұлдады. Дәрігерлердің айтуынша, ол дауасы жоқ сырқатқа (омыртқааралық дискісінің зақымдалуы) шалдыққан.

Заңда баяндалған мән-жайлар мен процесске қатысушылардың пікірін ескеріп, сотталған тұлғаға бостандығын шектеу жазасы 1 жыл мерзіміне пробациялық бақылау орнату мен міндеттерді жүктеуіне ауыстырылды. Сот шешімімен келіспеген жағдайда сотталған тұлға және процестің басқа қатысушылары апелляциялық сот сатысына шағым түсіруіне құқығы бар, – делінген сот хабарламасында.

Еске салайық, оқиға Алматыдағы Шаңырақ тұрғын үй ауданында басталды. 2006 жылы қала әкімдігі тұрғындар ол жерге заңсыз қоныстанған деп сотқа шағым түсірген еді. Сот ондағы үйлер бұзылсын деген шешім шығарды. Сол жылы 14 шілдеде сот шешімін орындау үшін Шаңыраққа полицейлер келді. Тұрғындар үйімізді тастап кетпейміз деп қарсылық білдірді. Содан жаппай тәртіпсіздік басталды. Қақтығыс барысында біреу полицейдің үстіне бензин құйып, өртеп жіберді.

Арон Атабек пен бірнеше жергілікті тұрғынға полицейді өлтірді деген айып тағылды. Атабек 18 жыл, Құрманғы Өтегенов 16 жыл, Ерғанат Тараншиев 15 жыл, Рүстем Тұяқов 14 жылға түрмеге қамалды.  Тараншиев пен Тұяқов 2018 жылы мерзімі бітпей шықты. 2013 жылы түрме талаптарына бағынбаған Өтегеновтің мерзімі 2,5 жылға ұзартылды.