Басты бет Жаңалықтар Шығыс Қазақстан облысында 30 гектар қамыс өртеніп жатыр

Шығыс Қазақстан облысында 30 гектар қамыс өртеніп жатыр

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында құтқарушылар 30 гектар қамысқа жайылған өртті сөндіре алмай жатыр. Бұл туралы облыстағы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар қызметі

Мәліметтерге сүйенсек, Үржар ауданы Егінсу ауылдық округіндегі «Мың көл» учаскесінде қамыс өртенген.

Тілсіз жаудың жалпы ауданы 30 гектарды құрап отыр. Қызыл жалын батпақты жерлерді шарпығандықтан оны ауыздықтау қиынға соғуда. Отты өшіруге өрт сөндіру бөлімі, «Алакөл» табиғи қорығы, жергілікті атқарушы орган мен шаруа қожалығы жұмысшыларынан 22 адам жұмылдырылған, − делінген ақпаратта.

Күз басталғалы бері өрт сөндірушілер мен жергілікті атқарушы орган өкілдері күн сайын дала өртін ауыздықтауға аттанып жатыр. Биыл осындай 293 оқиға тіркелген.

Exit mobile version