Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығы хабарлады.
Иран Ислам Республикасының Горган қаласынан 53 адам Қазақстанға қоныс аударды. Олар Ақтауда 2-3 күн аялдап, құжаттарын реттейді. Жатақханаға орналастырамыз. Құжаттарын реттеу жұмыстары аяқталғаннан соң Нұр-Сұлтанға аттанады. Кейін көші-қон бағдарламасы арқылы Солтүстік Қазақстан өңіріне қоныстанады, — деді Ақтау әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақов.
Айта кетейік, өңірге келген 53 адамның 25-і бала, барлығы 20 отбасы атамекенге оралды.

Тарихи Отанына келгендердің бірі Хадиша Адай. Атамекенді аңсап, егемен еліне келген ол қуанышын жеткізіп, жылы лебізімен бөлісті.
Мен Түркіменстанда туылдым. Дегенмен жұмыс бабы бойынша Божнурд қаласында 22 жыл тұрдым. Туған әпкем, қызым, туыстарыммен бірге атамекенге келіп жатырмыз. Өте қуаныштымыз. Барлығы да жат адамдар емес, ағайындар. Ыстық ықыласпен қабылдағандарыңызға өте ризамыз, — деді Хадиша Адай.
Айта кетейік, бұл көш Сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның Ирандағы елшілігі мен «Отандастар қоры» кәсіптік емес акционерлік қоғамы, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.