Басты бет Қоғам Ираннан Маңғыстау облысына елуден астам қандас келді

Ираннан Маңғыстау облысына елуден астам қандас келді

15 қыркүйек сағат 09.00-де 53 қандасымыз мінген Иран Ислам Республикасының ұшағы Ақтау әуежайына қонды.

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығы хабарлады.

Иран Ислам Республикасының Горган қаласынан 53 адам Қазақстанға қоныс аударды. Олар Ақтауда 2-3 күн аялдап, құжаттарын реттейді. Жатақханаға орналастырамыз. Құжаттарын реттеу жұмыстары аяқталғаннан соң Нұр-Сұлтанға аттанады. Кейін көші-қон бағдарламасы арқылы Солтүстік Қазақстан өңіріне қоныстанады, — деді Ақтау әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақов.

Айта кетейік, өңірге келген 53 адамның 25-і бала, барлығы 20 отбасы атамекенге оралды.

Ұшақ, қандас
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Тарихи Отанына келгендердің бірі Хадиша Адай. Атамекенді аңсап, егемен еліне келген ол қуанышын жеткізіп, жылы лебізімен бөлісті.

Мен Түркіменстанда туылдым. Дегенмен жұмыс бабы бойынша Божнурд қаласында 22 жыл тұрдым. Туған әпкем, қызым, туыстарыммен бірге атамекенге келіп жатырмыз. Өте қуаныштымыз. Барлығы да жат адамдар емес, ағайындар. Ыстық ықыласпен қабылдағандарыңызға өте ризамыз, — деді Хадиша Адай.

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, бұл көш Сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның Ирандағы елшілігі мен «Отандастар қоры» кәсіптік емес акционерлік қоғамы, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Exit mobile version