Жұптың жасы 70-ке, 75-ке, 80-ге келгенде олар қандай ерлі-зайыпты болады? Бұл жастағы адамдардың өмірлік серігіне қарым-қатынасы қандай екен? Олар әлі күнге дейін жақындаса ма? Ану Куйвалайнен өзінің махаббат, кәрілік, жақындасу мен өмірден өту туралы нәзік әрі шынайы фильмінде осы мәселені зерттеп көреді. Егде жастағы бес жұп көрерменге өз өмірін көрсетуге мүмкіндік береді.
Фильм фин тілінде, бірақ субтитрі бар. Негізгі атауы — Still into you. Режиссеры — Ану Куйвалайнен. Түсірген ел — Финляндия. 2020 жылы шыққан, ұзақтығы — 70 минут. Продюсеры — Mäkelä/BonsaiFilms.
Фильмнен ұққанымызды баяндап көрейік.
Біздің жасымыздағы адамдарға некенің жас кездегі түрі ғана мәлім. Ары кетсе, 1-2 баланың боларын елестетерміз. Ал орта жастағы отбасылық өмірді ойлай қоймаймыз. Егде жасқа жеткенде қандай ерлі-зайыпты болатынымыз тіпті бұлыңғыр. «Әлі де өзіңе ғашықпын» деректі фильмі не туралы екенін оқығанда, таңдауым бірден осы картинаға түсті.
Өйткені фильм елестетпек тұрмақ, басқа келмейтін өте алыс болашақты (біздің есебімізше) алдымызға әкеп береді деп үміттендім. Тым құрығанда, сол заманға бір көз жүгіртіп шығармын. Не десек те, бізді сол алыс келешек күтіп тұр емес пе?!
Фильм қарт адамдардың аурасы сияқты жайбарақат, ешқайда асығып-аптықпайды. Бір кадрдан соң екінші кадр зуылдап, жарқ-жұқ етіп жатқан ештеңесі жоқ. Көрермен 5 жұптың күнделікті өміріне кезек-кезек үңіліп шығады. Бір кезде гомосексуал жұптың өмірінен үзінді көрсек, келесі минуттар жесір әйелдің қазіргі қалпына ауысады.
Жесір әйел күйеуі қайтыс болғаннан кейінгі өмірін қалпына келтіре бастайды. Ол жолдасымен өткізген соңғы таңын еске алып, қазір әр түн сайын оның суретіне қарап қайырлы түн тілейді. Гомосексуал жұптың махаббаты жасы ұлғайған сайын нығая түседі. Ал өзінен 20 жас кіші ерге тұрмысқа шыққан әйелдің жұбайымен қарым-қатынасы күн өткен сайын қиындайды. Есін жоғалтып ала беретін әйеліне қамқор болатын ерді де көреміз. Оның қорқынышы — қарттар үйіне өтіп кету.
Фильмдегі жұптардың өмірде бір-бірінен басқа ешкімі жоқтай. Қазіргі бар махаббатын бір-біріне үйіп-төгіп беретіндей, бәрібір де ондай жылылықты сыйлайтын басқа ешкім кезікпейтіндей көрінді.
Кейіпкерлер әңгімесі қыс мезгіліндегі қала пейзажы, жап-жасыл табиғат, әдемі көл фонында баяндалады. Фильмде қартайғанда қарым-қатынасқа көңіл бөлуге мүмкіндік туатыны айтылады. Кейіпкерлер серігіне бірге өткізген тағы бір күн үшін бір-біріне алғыс білдіреді. Оның махаббат пен түсінісуге толы болғанын айтады.
Жесір әйелге қарап отырып «орта жолда жарың өлмесін» дегенге көзіміз жеткендей болды. Ол жолдасын көп еске алады. Бір-бірін қатты жақсы көрген екен. Дегенмен қазір әйел бір бүтіннің жартысы емес екенін түсініп келеді. Ол «тіптен жалғыз».
Фильмдегі жұптар бұрын болған және қазіргі қарым-қатынасты тұжырымдайды. Қазіргі сәтіне, өткен өміріне ризашылық білдіреді. Кішкентай күнімізде үлкендер былай дейтін: «Қартайғанда серігіңнен басқа ешкім керек болмай қалады». Рас екен. Оны осы фильмнен көрдік.
Фильм 2020 жылғы Ванкувер фестивалінде, Нордиск Панорама, Любектегі Скандинавия киносы күнінде, 2021 жылы Прагадағы «Бірыңғай әлем» фестивальдерінде жүлде алған.
Биыл QaraFest халықаралық конкурсы аясында көрсетілетін қатысушы-фильмдер тірі тіршіліктің, қас-қағым сәттің, кадрдағы шынайы өмірдің куәгері болуға шақырады, шығармашылық ләззат алып қана қоймай, бүгінгі шынайы болмысты шарайнасынан шығып, кеңінен бақылауға мүмкіндік береді.