Басты бетҚоғамБокстан ұлттық...

Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері «отставкаға кетуі» туралы пікір білдірді

БАҚ құралдары Ғалымбек Кенжебаевтың әлеуметтік желідегі жазбасына сілтеме жасады. Онда ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен кеткенін, тіпті, басшылықтың өтінішке қол қойғаны жайында жазылған.

Ғалымбек Кенжебаев дарынды боксшы Сабырхан Махмұдқа мүмкіндік бермегеніне де қатты өкінетінін жеткізді. Бірақ артынан жазбаны алып тастаған.

Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген Ғалымбек Кенжебаев пост жазбағанын айтты. Ал жұмыстан кетуге өтініш емес, ұсыныс жасағанын хабарлады.

Ешқандай пост жазған жоқпын. Менде Instagram да жоқ. Негізі мен отставка жайында айтпаған едім. Басшылар өздері шешеді ғой. Өзім арыз жазған жоқпын, бірақ ауызша ұсыныс жасадым. Тұра тұр деді. Жиналыс өтуі керек. Бүгін-ертең нақты жауабын айтады, — дейді Ғалымбек Кенжебаев.

Айта кетейік, бұған дейін ұлттық құраманың бас бапкері Токио Олимпиадасындағы сәтсіздіктің негізгі себебін түсіндірген.

Олимпиада жолдамалары бір жарым жыл бұрын сарапқа салынған. 2020 жылы наурыз айында соңғы лицензиялық турнир өткен болатын. Ол кезде Токиоға жолдама алған боксшылардың дайындық деңгейі басқаша еді. Ал Олимпиада ойындарын бір жылға шегерді. Бір жыл бұрын қазіргі боксшылар басқаша бокстасатын еді. Бір жылдың ішінде олардың өкшесін басып келе жатқан жастардың дайындығы да күшейді. Мысалы қазір Токиоға барған кейбір боксшылар көшбасшы емес. Оны Қазақстан чемпионаты да көрсетті. 91 келі салмақта мүлдем басқа боксшы. Левит ол чемпионатқа қатысқан да жоқ. Сол сияқты 63 келіде, тіпті, 52 салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионы өзгерген, — деді Ғалымбек Кенжебаев сұхбатында.

(Baribar.kz оқырмандарынан әлі нақтыланбаған ақпаратты жариялағаны үшін кешірім сұрайды)