Басты бет Қоғам Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетуге дайын екенін айтты

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетуге дайын екенін айтты

Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Азаттыққа отставкаға кетуді ұйғарғанын айтты. Ведомство басшысының айтуынша, қазіргі ең басты мақсат төтенше жағдайдың салдарын тез арада жою.

Менің ең басты мақсатым апаттың салдарын жою. Жарылыстар туралы хабарланған алғашқы минутта отставкаға кетуді ұйғардым. Отставканы сұраймын, оның қалай болатынын ел басшылығы шешеді, — деді Нұрлан Ермекбаев Азаттыққа берген жауабында.

Министрдің мәліметінше, қазір барлық күш Тараз маңындағы төтенше жағдайдың салдарын жоюға бағытталған.

Еске салайық, Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде сағат 19.00 шамасында қоймалардың бірінің жанында өрт шыққан. Өрт салдарынан анықталмаған заттар жарылған. Жақын маңдағы тұрғындар эвакуацияланғаны анықталды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жарылыс болған әскери қоймаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

Кейіннен Жамбыл облысындағы жарылыс болған қоймаға оқ-дәрілер Арыс қаласындағы әскери қоймадан жеткізілгені хабарланды.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Тараз маңындағы әскери бөлімде өрт сөндіру барысында төрт әскери қызметкер қаза тапқанын хабарлады.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жарылыстан зардап шеккен 28 адам ауруханаға жатқызылғанын, оның алтауының жағдайы ауыр екенін айтты.

Exit mobile version