Басты бетҚоғамАсхат Аймағамбетов...

Асхат Аймағамбетов президентке дәстүрлі оқу форматына оралу барысы туралы айтты

Министр президентке дәстүрлі оқу форматына оралу үшін жүргізіліп жатқан ұйымдастыру шаралары туралы баяндады.

Мемлекет басшысына «Білімді Ұлт» ұлттық жобасының дайындалуы, Жолдауда және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында берілген президент тапсырмаларының орындалуы жайында мәлімет берілді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында берілген тапсырмалардың 43% білім және ғылым саласына қатысты. «Оқуға құштар мектеп» жобасының аясында мектеп кітапханаларының қызметін қайта қалыптастыру және көркем әдебиет пен балалар әдебиетін сатып алу жұмыстары атқарылып жатыр. Сондай-ақ ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларды қолдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Асхат Аймағамбетов мемлекет басшысына ведомствоны кәсіби кадрлармен, соның ішінде, әлемнің жетекші университеттерінің түлектерімен және жастар кадрлық резервінің мүшелерімен күшейту үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты. Сондай-ақ сапасыз жоғары оқу орындарын жабуға қатысты президент тапсырмаларының орындалуы жөнінде мәлімет берілді.

Мемлекет басшысы министрге бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді, сондай-ақ, сапасыз университеттердің лицензиясын қайтарып алу және олардың жұмыс істеуіне мерзім белгілеу рәсімдерін жеңілдету үшін заңнамалық тұрғыдан түзетулер енгізу мәселесін қарастыруды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік жоғары оқу орындары қызметкерлерінің еңбекақысын биылғы 1 қыркүйектен бастап арттыру маңызды екенін атап өтті.

Сонымен қатар президент оқушылар арасында өтетін Халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын қолдау шараларын әзірлеуді тапсырды.