— Гүлнұр ханым, мұғалім болып жұмыс істеп жүргеніңізге 6 жыл болды. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданған соң кәсібіңізде қандай өзгерістер болды?

— «Педагог мәртебесі» туралы заң — білім саласында бұрын-соңды болмаған үлкен әрі қажет заңнама. Бұл заң қабылданғаннан бері ұстаздар қауымына көп көңіл бөлініп жатқаны сезіледі. Өзім жұмыс істеп жатқан мектепте, қоғамда педагогтардың, педагогика қызметінің беделі артты.

Бұрын педагогтардың құқығын таптаушы көп еді. Белгілі бір шараларда алаңды толтыру керек болса, қолына жалауын ұстап мұғалімдер шығатын. Кей ата-ана мұғалімнің жеке басына тіл тигізуден сескенбейтін. Қазір мұндай іс әрекеттер сап тиылды. Ешқандай алаңға бармаймыз, көше сыпыруға шықпаймыз. Құқығымыз нақты қорғалған.

Сонымен қатар мұғалімдерге арналған түрлі байқау көбейді. Әкімдік, білім басқармасы мұғалімдердің біліктілігін көтеруге көмектесетін, жұмысына мотивация беретін конкурстар ұйымдастырып жатыр. Мысалы, былтыр Алматыда «Жыл мұғалімі» байқауы өтті. Қаладағы 205 мектептен мұғалімдер қатысып, бағын сынады. Онда ІІ орынға ие болып, екі миллион теңге ұтып алдым. І орын иегері көлік, ІІІ орын алған мұғалім бір миллион теңге жеңді. Мұның барлығы — педагогтарға мотивация, стимул беретін жақсы бастама.

Бұл жарыстан соң кәсібіме деген қызығушылығым жоғарылады. Білім саласын дамытуға арналған түрлі жобаға сарапшы ретінде қатысып, белсенді бола бастадым.

Бұрын қоғам педагогика саласын қажетсіз санайтын. Мұғалім мамандығын кездейсоқ таңдайтын студенттерді жиі байқайтынбыз. Ал қазір педагог болғысы келетін мектеп түлектеріне, педагогиканы бітірген студенттерге талап күшейді. Қазір жас мамандар қолында дипломы болса да, жұмысқа орналасу үшін біліктілігін дәлелдейтін арнайы тест тапсыруы керек. Бұл шаралар білім сапасының, педагог мәртебесінің ары қарай артуына алып келеді деп ойлаймын.

Сонымен бірге қағазбастылық мәселесі шешілді. Электрон журналдар, қосымшалар қолдану арқылы уақытымызды үнемдеп жүрміз.

Әрине, заң пайда бола сала бар мәселеге нүкте қоя алмайды. Мұны түсінеміз. Бірақ педагогтың құқығын қорғайтын заңның бар екенін сезінудің өзі бір ғанибет.

«Жыл мұғалімі – 2020 «байқауының жеңімпаздары. Фото жеке архивінен.

— Білім және ғылым министрлігінің педагогтармен байланысы қандай деңгейде?

— Қазір мұғалімдердің мәселесін естір құлақ бар деп айта аламын. Көктемде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен жеке кездесуде болдым. Министрмен Ұлттық бірыңғай тестілеу, мектепте оқуға құштар балаларға арналған түрлі бұрыштың ашылуы, оқулықтардағы қателер, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған курстар туралы мәселелерді талқыладық. Шенеунік бар уәжімізді тыңдады, одан бері біртіндеп аталған мәселелердің шешімін табуға тырысып жатқанына куә болып жатырмыз.

— Мемлекет мұғалімдерге біліктілігін арттыру үшін тегін курстар ұйымдастырып жатыр ма?

— «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы бар. Мұнда түрлі пән бойынша түрлі курс өткізеді. Онда ақылысы да, тегін түрі де бар. Сонымен бірге Назарбаев мектебі де тегін курстар ұйымдастырады. Пандемия кезінде онлайн дәрістерге көп қатыстық. Оның 70%-і тегін.

— Жыл сайын педагогтардың жалақысы өсіп жатқанын естиміз. Ал іс жүзінде қалай болып жатыр?

— Иә, ол рас. Сонымен қатар жаңартылған бағдарламаны оқыған педагогтарға, магистрант дәрежесіндегілерге де жалақысының үстінен үстемақы қосылады. Мұғалімнің еңбегіне қарай жалақы төленеді. Қазір педагогтар еңбектері ақталып жатқанына дән риза деп ойлаймын.

— Пандемияда қашықтан жұмыс істеу педагогтарға қиын болған сияқты. Солай ма?

— Пандемия аяқасты болған соң бұған Корея, Жапония секілді дамыған мемлекеттердің өзі толық дайын болмады. Қашықтан оқуға көшкенде мұғалімдер майданға қарусыз шыққандай сезіндік. Кейбіріне жаңа технология құралдарын қолдану қиынға соқты. Дегенмен педагогтар цифрлы технологияны тез меңгеруге тырысты. Зейнет жасына жетейін деген мұғалімдердің өзі техниканың тілін түсініп, дәріс берді.

Онлайн сабақ тек мұғалімдерге емес, ата-ана үшін де қиын өтті. Әсіресе, көп балалы және бастауыш класта оқитын кішкентайлардың ата-анасы қалай оқытарын білмей дал болды. Есесіне олар педагог еңбегін, қадірін түсінді. Мұғалімге шағымдану азайды.

— Сіз әлеуметтік желіде кибер педагог ретінде танымал екенсіз. Осы жұмысыңыз туралы айтып кетсеңіз.

— Пандемияда жаңа технологияның маңызын түсіндік. Онлайн сабақты дұрыс әрі қызық өту үшін 30-40 шақты курсқа қатыстым. Платформаларды қолдануды, тест базаларын, портфолио жасауды, мұғалімдерді конкурстарға дайындауды, SMM-ді үйрендім. Енді осының бәрін меңгеріп алып, сандығымда сақтап жүрген ұят сияқты. Құранда да «Білгеніңді елмен бөліссең, несібең артады» деп жазылған. Сондықтан мұғалімдердің цифрлы сауаттылығын арттыруға арналған жеке жоба жасадым.

Онлайн дәріс кезінде  мұғалімдер Youtube-тағы дайын біреудің видеосын оқушыларға жіберетін. Меніңше, оның орнына өзі бейнеролик түсіріп, қызық презентация жасағаны жөн. Себебі оқушының көбі өз ұстазының сабақ беру әдісіне, даусына үйреніп қалған. Өз педагогынан естіген ақпарат оған түсінікті болуы мүмкін. Кибер педагог ретінде әріптестеріме сол жаңа технологияның қыр-сырын үйретіп, оны тиімді пайдалануға көмектесемін.

— Педагогика саласына қатысты тағы қандай өзекті мәселелердің шешілгенін қалайсыз?

— Еліміздің педагогтары тек Қазақстанда емес, шетелде де тәжірибе алмасып, білім көкжиегін кеңейтіп келгенін қалар едім. Сол үшін мемлекет «Болашақ» сияқты тағы басқа бағдарламалар ұйымдастырса екен.

— Әңгімеңізге рахмет!