Қалай Амилай қызға айналдым?
Кішкентай кезімнен қыздардың киіміне, бояуына, жүріс-тұрысына қызығатынмын. 5-6 жасымда анамның, әжемнің көйлектерін қысқартып киіп, орамалды басыма байлап, «бұрымды ұзын шаш» деп елестетіп ойнайтынмын. 14 жасқа келгенде үйдегілерге «визажист боламын» деп айтып, бетті бояйтын заттар сатып алып, боянуды үйрендім.
16-ға толғанда дизайнер мамандығы бойынша колледжге түстім. Әдемі болып жүргенді ұнатамын. 18 жасымда бетіме “тоналка” жағып, қасымды бояп жүретін болдым. Бірде оны туыс ағам байқап қойып, мені әбден ұрып тастады. Өмірімде бірінші рет сондай қатты соққы жеген шығармын. Ағама ренжіп, ашуландым. Бірақ бұл оқиға өмірімдегі маңызды шешімнің бірін қабылдауға әсер етті. Содан кейін оқуымнан шығып, Алматыға келіп, Амилай ретінде жаңа өмір бастадым.
Меніңше, кез келген ересек адам, ата-ана баланы ұрудың орнына, онымен сөйлесіп, сырласып, түсінуге тырысуы қажет. Сонда ғана олар бір мәмілеге келе алады.
Алғаш боянып, басыма парик таққанымда ерекше сезімге бөлендім. Еркін, нәзік бола алдым. Біздің қоғамда ер жігіттер көшеде сәл майысып жүрсе, нәзіктік танытса, оған «қыз болып кеткен», «қызтеке» деген секілді сөздер айтып, намысына тиеді. Ал мен секілді қыз кейіпінде жүрсең, ешкім ештеңе демейді. Себебі көп жағдайда кәдімгі қыз деп қалады.
Ер есімімді айтқым келмейді
2016 жылы өзіме Амилай деген есім қойдым. Туған кезімде берілген атты айтқым келмейді. Instagram желісінде өте белсендімін, оқырманым көп. Оның бәрі шын есімімді біліп, мені солай атағанын қаламаймын. Амилай деп қана таныса екен деймін.
Негізі басында есім таңдағанда, мән-мағынасына аса мән бермедім. Барынша нәзік ат іздедім. Сөйтіп Амилайға тоқтадым. Кейін интернеттен мағынасын іздегенімде, Амилай немесе Амилия қазақ-түркі есімі екенін оқыдым. Ол «үмітті ақтаған» деген мағынаны білдіреді. Тура өзіме арналған.
Жезөкше болып жұмыс істедім
Алматыдағы алғашқы жылым қиын өтті. Бір-екі апта құрбымның үйінде тұрдым. Ақша керек, ал транссексуалды ешкім жұмысқа алғысы келмейді. Жезөкше болудан басқа амалым қалмады. Алты ай сонымен айналысып, қаражат жинадым. Оған пәтер жалдадым, төсімді өсірттім, бет әрлеуді үйреніп алдым. Бір сөзбен айтқанда, аяққа тұрдым. Кейін ол жұмысты тастап, сұлулық үйінде визажист болып жұмыс атқардым.
Жезөкшелікпен айналысқаныма өкінемін. Бірақ басқа амалым болмады. Басқа жұмыс орындары қабылдамайды. Білесіз бе, бізге тіпті пәтер жалдау қиын. Пәтер иелері түріміз қыз, бірақ жеке куәлігімізде аты-жөніміз ер адамдікі екенін көріп, бірден бас тартады. Қанша ақша ұсынсақ та пәтерлерін жалға бергісі келмейді. Кейде басқа құрбыларымыздан көмек сұрап, әрең үй тауып жатамыз.
Қазір сұлулық үйінде тырнақ жасаймын. Сонымен бірге инстаграм арқылы ақша табамын. Сұлулық үйінде мені ешкім шектемейді. Тырнақ жасатуға келетін қыз-келіншектер де мені жақсы көреді. Түр-әлпетіме қарап: «Сен қыз мында не істеп жүрсің? Ұзын бойлы екенсің, модель болуың керек қой» деп жатады. Әрине, көбі транссексуал екенімді білмейді. Тұрақты келетін, жақын сөйлесіп кеткен жандардан транс екенімді жасырмаймын. Бірақ көп адамға айта бермеймін. Себебі қауіпті.
Банк, Халыққа қызмет көрсету орталығы (ЦОН), аэропорт, ауруханаға барғанда ешқандай қиын мәселе болмаған. Сыртымыздан өсектейтіні болмаса, бізді шеттетіп, өткізбей қойған емес. Тек бір жолы паспорт ала алмай дал болдық. Біресе жасанды «кірпікпен келдің», біресе «түрің ұқсамайды» дей берді. Ақыры танысым арқылы жасаттым.
Әкем құшағына басқанда көзіме жас алдым
Жезөкше болып жүрген кезде туыстарым, ата-анам біліп қойып, мені Таразға алдап шақыртып алған болатын. Әрине, біраз ұрысты, өзгертуге тырысты. Бірақ Алматыға қайта кетіп қалдым.
Қазір ата-анаммен араласып тұрамын. Бірақ олар мені әлі жөзекшілікпен айналысады деп ойлайды. Әкеммен жақсы қарым-қатынастамыз. Қал-жағдай сұрасып, тіпті керек кезде ақша жібередi. Ал анамның маған деген көңілі суық. Анда-санда ғана жазып тұрады. Ол кісі мені бұрынғы қалпына қайта келеді деп әлі үміттенеді.
19 жасымда омырау салдырып, толық Амилай болғанымда үйіме бардым. Дастархан жайып, күтіп алды. Маған деген ренішін, өкінішін жеткізді. Оны жасырмаймын.
Кейін қоштасып, әкем Алматыға жүретін таксиге дейін шығарып салды. Білесіз бе? Бұрын әкем қатал тәрбиемен өсіргісі келетін. Мені ер бала болған соң құшақтамайтын. Біріміз алыстан келсек те, тек қол алысатынбыз. Ал сол күні Алматыға жол тартқанымда әкем өмірімде алғаш рет мені құшағына қысты. Қатты қуандым, екеуіміз де көзге жас алдық.
Артымнан ерген 12 жасар сіңлім бар. Бірақ ол менімен жақын араласқысы келмейді. Қанша көңіл бөлсем де іздемейді, жазбайды, хабарласпайды. Қабылдағасы келмейтін де шығар, білмеймін. Келешекте түсінеді деген ойдамын.
Біздің қоғамға еш зиянымыз жоқ
Шашын қызыл-жасылға бояйтын жігіттер немесе кәрістің нәзік әрі сымбатты әртістеріне қызығып, еліктеген адамдар транссексуал болады деп ойламаймын. Оның еш қатысы жоқ. Мәселен, мен 91 тобын тыңдайтынмын, бірақ олардың образы маған ешқандай әсер етпеді. Керісінше, қыздарға қарап қызығамын. Транссексуал, гей секілді өзгерісті қалау табиғаттан бар дүние деп есептеймін.
Адамдар біз де қоғамның бір бөлігі екенімізді мойындап, тыныш өмір сүруімізге мүмкіндік берсе екен деймін. Себебі біздің қоғамға еш зиянымыз жоқ. Кейбір еркек секілді қазақтың қызын қорлап, екіқабат етіп, көз жасына қалып жатқан жоқпыз. Ешкімді өлтіріп, ұрып, тонап, ала жібін аттап жатқан жоқпыз. Сонымен бірге біз де еш қиындықсыз қалаған жұмысымызға тұрсақ екен деймін.
Тұрмысқа шығып, ана болғым келеді
Болашақта жынысымды ауыстыруым мүмкін, бірақ әзірше жоспарда жоқ. Әке-шешемнің жалғыз ұлымын. Сондықтан олардың менен ұрпақ көргісі келетінін түсінемін. Сол себепті болашақта ақша жинап, суррогат ананың көмегіне жүгініп, ата-анама немере сыйлағым келеді. Одан бөлек тұрмысқа шығып, жарыммен бақытты өмір сүруді қалаймын. Менің ер азаматым да суррогат ана арқылы балалы болғысы келсе, оған ана болуға дайынмын.
Келешекте дизайн саласы бойынша жеке кәсібімді дөңгелетіп, әлемге танымал адам болсам деймін.
Мен осы кейпімде бақыттымын.