Алматыда Әлеуметтік қызметтер үйі ашылды

Ғимаратты реконструкциялау былтыр басталды. Қысқа мерзім ішінде мұнда "бір терезе" қағидаты бойынша барлық әлеуметтік қызметті алушыларға жайлы жағдай жасалады.

Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Көрсетілетін қызметтердің жалпы саны – 776-ға жуық. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының интеграциясы әлеуметтік қызмет көрсетудің сапасын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Қалалықтарды әлеуметтік дамыту және қолдау – «Алматы-2050» даму Стратегиясында көрсетілген Алматы әкімдігінің басты және стратегиялық міндеті. Біздің мақсатымыз — Алматыны тең мүмкіндіктер әрі инклюзив тұлғаға бағытталған орталықтанған қала жасау, — деді әкім.

Биыл әлеуметтік қолдауға 25 миллиард теңге бөлініп, 124 мың адам (әлеуметтік көмек — 7,1 млрд., арнаулы әлеуметтік қызметтер — 4,6 млрд., мүгедектерді әлеуметтік қорғау — 5,6 млрд., халықты жұмыспен қамту — 6,1 млрд, белсенді ұзақ өмір, бақытты отбасы — 954 млн шыңға өрлеу, тәуелсіз мектеп өмірі – 406 млн теңге) қамтылады.

Мүмкіндігі шектеулі тұлғалар еш кедергісіз кіруі үшін ғимарат көтергіш құрылғысымен жабдықталған. Бірінші қабаттағы кең операция залында келушілерді Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат, Тұрғын үй саясаты басқармаларының, Алматының Жұмыспен қамту орталығының, Азаматтарға арналған үкіметтің «ХҚКО»-ның «Зейнетақы төлеудің мемлекеттік орталығы» АҚФ-ның, Алматы полициясы департаментінің көші-қон қызметі басқармасының, Алматы қаласы бойынша еңбек Комитетінің, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің кеңесшілері қабылдайды.

Екінші қабатта Алматының Жұмыспен қамту орталығының операция залы және бэк-офис орналасады, өтініш берушілер қолайлы жұмыс орнын, ал жұмыс берушілер өзіне керек жұмысшыларды таба алады.

Мұнда кәсіп таңдау кезінде кәсіби бағдар беру, кәсіби даярлау, жұмыссыз азаматтарға қайта даярлау, біліктілігін арттыру, «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша оқуға жолдама және тегін гранттар беру бойынша консультациялық қызметтер ұсынылады.

Үшінші және төртінші қабаттарда Алматының Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы, Тұрғын үй саясаты басқармасының пәтерлерді бөлу бөлімі және «Адалдық алаңының» халыққа қызмет көрсету аймағы ораналасады. Бесінші қабатта Алматының Тұрғын үй саясаты басқармасының бөлімдері және түрлі шара өткізетін көпбейінді акт залы болады.

Әлеуметтік қызмет көрсету үйіне қиын жағдайға, оның ішінде келіспеушіліктерге тап болған азаматтар келетіні ескеріліп, орталықта адвокат пен психолог бөлмелері қарстырылған. Балалармен келген қонақтарға ыңғайлы болу үшін ойын алаңы да бар.

Бұрын мүгедектерге әлеуметтік қызметтерді көрсететін ұйымдарға бару қиынырақ еді. Енді оларға қағазбастылық пен әкімшілік кедергілер жойылған әрі тиісті процедураларды іске асыру және барлық құжатқа бір жерден қол қою мүмкіндігі туып отыр.

Әлеуметтік қызмет көрсету үйі дамыған көлік инфрақұрылымы бар Достық даңғылының бойына орналасқан. Қасында метроның «Абай» бекеті бар, бағыттар бойынша 7 автобус және 3 троллейбус жүреді. Демек кала тұрғындары Әлеуметтік қызмет көрсету үйіне қаланың кез-келген нүктесінен бара алады.

Exit mobile version