Сонымен жаңа формат оқушылардың көңілінен шығып жатыр ма? Олар тестілеуді қалай тапсырып жатыр? Бірнеше мектеп түлегімен осы жөнінде әңгімелестік.

Қарағандыдағы №61 жалпы білім беретін мектептің 11-класс оқушысы Әділсамат Абитаев ҰБТ-дан 137 балл жинаған. Оның айтуына қарағанда, тестілеуді компьютермен тапсыру — оқушыларға берілген үлкен сый.

Әділсамат Абитаев
Әділсамат Абитаев. Фото жеке архивінен

Математика және физика пәндерін таңдадым. ҰБТ ойдағыдай өтті. Аса бір қиындық тудырды деп айта алмаймын. Осы жылы компьютермен тапсыру бізге берілген үлкен сыйлықтың бірі болды деп ойлаймын. Өте ыңғайлы, жұмыс істеуге де оңай. «137 балды қалай жинадың», «Қалай дайындалдың?» деп сұрап жатқандар көп. Еңбекпен. Көп іздендім. Кітап оқып, тестілеу орталығының сынақтарын тапсырдым. YouTube-тен видеосабақтар көрдім. Өзіме өте үлкен мотивация берген екі ұстаз бар. Олар — Павел Виктор мен Борис Трушин. Павел Виктор — Украинада тұратын физика мұғалімі. Сабақтарын Youtube-ке жүктеп отырады, ол 7-11-класқа дейінгі физика курсын толық қамтыған. Ал Борис Трушин — ресейлік математика мұғалімі. Өзім дұрыс меңгермеген тақырыптарды осы кісінің видеоларынан көріп, түсіндім. YouTube-тің арқасында тегін дайындалдым деуіме болады, — дейді ол.

Әділсамат ҰБТ тапсыру үшін берілетін екінші мүмкіндікті пайдаланбаймын деп шешкен. Ол Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне құжаттарын тапсырмақшы. Болашақта математика пәнінің мұғалімі болғысы келеді.

Мұғалім болу арманым емес, бірақ Қазақстан азаматтарының басым көпшілігі білімді болса екен деймін. Ал ұстаздық осы арманыма жеткізер жол деп білемін, — дейді қарағандылық оқушы.

Аружан Абсатар — Алматыдағы №180 жалпы білім беретін мектептің биылғы түлегі. Ол ҰБТ-ның екі мүмкіндігін де пайдаланған. Аружан шығармашылық емтихан тапсырады, сол себепті тестілеудегі максимал балы 35 болуға тиіс.

Аружан Әбсаттар
Аружан Әбсаттар. Фото жеке архивінен

ҰБТ-ны тапсыру үшін 6 және 12 мамырды таңдадым. Біріншісінен 33, кейінгісінен 32 балл алдым. Оқыған адамға түк те қиын емес. Ойландыратын сұрақтар келді. Өзім үшін қиын болмады. ҰБТ-ға дейін наурыз, сәуір айларында да сынақ ретінде тапсырдық. Компьютерде өзімізді қалай ұстау керегін үйрендік. Сұрақтары да қиын болмады. Бәрі өзім оқып, дайындалған тақырыптардан келді, тек мектеп оқулығын оқып шығу керек екен. Берік Жұбанышовтың кітабын жаттаумен шектелмей, мектеп бағдарламасы бойынша оқулықтарды да бір қарап шығыңыз дегім келеді. Өйткені өзім білмеген сұрақтар оқулықтан келіпті. Қосымша курстарға барған жоқпын. Тестілерді талдап, сосын Берік Жұбанышовтың кітабын жаттадым. Тарихшы Ғылымбек Іргебаевтың сабақтарын тыңдадым, — дейді алматылық түлек.

Аружан журналист болғысы келеді. Құжаттарын Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті тапсыруды жоспарлап отыр.

Ол ҰБТ тапсырғалы отырған қатарластарына кеңес берді.

Онлайн тестілеуде бәрі әділ әрі қатал өтеді. Сол себепті өз күшіңізге, біліміңізге сеніңіз. Қобалжымаңыздар, саспаңыздар, — дейді Аружан.

Айнұр Жақсылық Түркістан облысы Ордабасы ауданы Қайнар ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы мектепті бітірді. Айнұр ҰБТ-ны 6 мамыр күні тапсырған. Таңдау пәндері — математика және физика. Оның айтуынша, ҰБТ-ның электрон форматта өтуінің де жақсы тұстары бар.

Айнұр Жақсылық
Айнұр Жақсылық. Фото жеке архивінен

Биыл компьютермен тұңғыш рет тапсыратын болғандықтан, «Қалай болар екен?» деген қорқыныш болды, бірақ жақсы тұстары да бар екен. Бұрынғыдай қағазды бояп, көп уақыт жұмсамайсың. ҰБТ-ға қараша айынан бастап дайындалдым. Сынақты тапсыруға 3,5 сағат берілді, осы уақыт ішінде бар білгенімді белгілеп, мүмкін болған 140 балдың 121-ін жинадым. Әуелі өзім үшін оңай пәндерді белгілеп алдым. Оқу сауаттылығына, Қазақстан тарихына, математика сауаттылығына 1,5 сағат уақыт бөлдім, қалған 2 сағатты таңдау пәндеріме жұмсадым. ҰБТ-ны компьютермен тапсырудың тағы бір артықшылығы — калькулятор және Менделеев кестесі енгізілген. Сосын карантинге байланысты 15 адамнан кірдік. Арақашықтықты сақтап, маска тағып отырдық. Әрқайсымыз аппаратқа қарап өттік, жеке сәйкестендіру нөмірінен бастап температурамызға дейін барлық дерегіміз шығып тұрды. Бұрындары қай аудиторияда, қай орында отырып тест тапсыратының біршама уақыт бұрын белгілі болатын, ал қазір сол күні білесің, — дейді түркістандық оқушы.

Түркістандық оқушының сөзінше, ҰБТ-да шпаргалка, смартфон қолдануға мүмкіндік болмаған.

Басқа мектеп оқушылары шпаргалка, смартфон пайдаланбақшы болып, келесі жылға қалып жатқанда өзімде де қорқыныш болды. Артық қимыл жасап немесе айналадағыларға сөйлеп қалған құрдастарым бірден аудиториядан шығарылып жатқанын көрдім, — дейді Айнұр Жақсылық.

Айнұр да математика пәні мұғалімі мамандығын таңдап отыр.

Ата-анамның қалауымен құжаттарымды Түркістанға немесе Шымкентке тапсырып көремін. ҰБТ-ның екінші сынағы 25 маусым күні болады. Біріншісінен жоғары балл жинап жатсам, екіншісін тапсырмай-ақ қоямын деген ой болып еді, бірақ өтініш беріліп қойған, қайтып алуға болмайды екен, — дейді ол.