— Мұхаммед-Әли, шетелдегі төрт университеттен оқуға шақырту алыпсың. Құттықтаймыз! Неге бұл оқу орындарына тапсырып көргің келді?
— Негізі қараша-желтоқсанда шетелдік он шақты университетке өтініш жіберіп, емтиханын тапсырған болатынмын. Нәтижесінде Фордем университеті, Дрексель университеті, Гонконг баптист университеті және Британ Колумбия университетінен шақырту алдым. Ойлана келе, Британ Колумбия университетінде білім алуды жөн көрдім. Себебі, біріншіден, бұл оқу орны әлемдегі ең үздік 30 университет қатарына кіреді. Екіншіден, ол жерде әйгілі әрі білікті профессорлардың жұмыс істейтіні мені қызықтырды. Мысалы, осы «колумбиялық» бір профессор менеджмент саласы бойынша дамушы елдерге арналған өте көп жоба жасаған. Қазақстан да дамушы ел болғандықтан, сол мамандардан көп нәрсе үйреніп, тәжірибе жинақтап, білімімді дұрыс бағытта қолдансам деймін. Үшіншіден, бұл университет мен таңдаған мамандықты, яғни бизнес-менеджментті басқаларға қарағанда тереңдетіңкіреп оқытады екен. Төртіншіден, түлектерінің жетістіктеріне де мән бердім. Дәл осы жоғары оқу орнын тәмамдаған жеті түлек Нобель сыйлығының лауреаты атаныпты. Оның ішінде екеуі менің салам бойынша екеніне де баса назар аудардым.
Қалған үш университет те осал емес екенін айта кету керек. Әрқайсының өз артықшылықтары бар. Мысалы, Гонконг баптист университеті — Батыс пен Азия менталитетінің қақ ортасы. Азияда орналасқан білім ордасын АҚШ-тың қаржыландыруы батыс пен шығысты бір уақытта көруге мүмкіндік береді. Оған қоса Гонконгта салық мөлшерінің аз, шағын кәсіп бастауға ыңғайлы. Ал Нью-Йорктағы Фордем университеті — бизнес-мектеп, менеджмент бойынша АҚШ-тағы ең үздік 15 жоғары оқу орнының бірі. Сонымен бірге олар студенттеріне толық грант береді. Филадельфиядағы Дрексельдің ерекшелігі — оқу кезінде жаңа инновациялық әдістердің қолдануы. Сондай-ақ өндірістік тәжірибе өтуге жақсы жағдай жасайды. Өзіңіз білетіндей, батыс елдерінде жұмысқа орналасу үшін өндірістік тәжірибенің маңызы өте зор.
— Британ Колумбия университетінде қанша жыл оқисың? Олар толық грант беріп отыр ма?
— 4 жыл оқимын. Университет барлық шығынымды төлейді. Грант ішіне Канадаға ұшып баруым, жатақхана, тамақ, медициналық сақтандыру, виза кіреді. Оған қоса шәкіртақы ретінде 2500 Канада долларын беріп отырады. Бұл фактор да дәл осы университетті таңдауыма бірден-бір себеп болды.
Әдетте білім мекемелері оқу жылына ғана виза береді. Ал Британ Колумбия университеті визаны 5 жылға жасап берді. Оның 4 жылында білім алсам, қалған бір жылында Канадада емін-еркін жұмыс істеуіме болады.
— Пандемияда оқу форматы қалай болады?
— Қазір осы мәселені қарастырып жатырмыз. Университет әкімшілігі күнделікті жаңа ақпарат, вебинарлар, түрлі сессия жіберіп отыр. Білуімше, Канадаға қыркүйекте барамын, алайда оқу форматы әлі белгісіз. Не кампусқа барып оқимыз, не жатақханасында тұрып, онлайн оқимыз. Дегенмен қазір Канадағы коронавирус инфекциясына қатысты эпидемология жағдайы тұрақталып отыр.
Ал Канадаға кіру үшін міндетті түрде вакцина салдыру қажет деген әлі үкім шыққан жоқ. Ондай талап болады деп те ойламаймын. Оның орнына 14 күн карантинге жатқызатын шығар. Бірақ бұл мен үшін аса қиын мәселе емес. Себебі онсыз да вакцина салдырмақшымын.
— Шетелдегі жоғары оқу орындарымен жақсы таныс екеніңді байқадым. Бұл университтерді өзің іздеп тауып, таңдадың ба? Әлде кеңес берген адамдар болды ма?
— Әрине, университеттерге өтініш бермес бұрын, олармен егжей-тегжейлі танысып шықтым. Интернеттен ақпарат іздедім. Сонымен бірге таныстарымның көмегі көп болды. Мысалы, бұған дейін Гонконгтағы оқу орнының мүмкіндіктерін білмеген едім. Ол жаққа тапсыруға кластастарымнан, сонда оқып жатқан достарымнан кеңес алдым. Британ Колумбия университетін таңдауға кәсіби бағыт-бағдар берушім Бағдат Азаматқызы көмектесті. Ол кісі барлық қажет құжатымды жинап, реттеп беріп отырды. Ал қалған екі университетті таңдауыма менторым Асқар Әубәкіров себепші болды. Жалпы барлығына алғысым шексіз.
— Шетелде оқығысы келетін басқа оқушыларға қандай кеңес бересің?
— Көп адам «дайындықты 2-3 жыл бұрын бастамадым ғо» деп уайымдайды. Онда тұрған ештеңе жоқ. Мысалы, жеке өз басым шетелге оқуға тапсыруға осы жаздан бастап дайындалдым. Бағаларыңыз нашар болса, «оқуға түсу мүмкін емес» деп те ойламаңыз. Бастысы — ниет пен ұмтылыс.
Дегенмен шетелге оқуға түскісі келетін оқушы ағылшын тілін жетік меңгергені дұрыс. Себебі барлық жерде сабақ ағылшынша өтеді. Сонымен бірге мотивациялық хатты дұрыс жазу өте маңызды. Бұл — өзіңіз туралы, не себепті дәл сол елде, университетте оқығыңыз келетіні жайлы эссе. Бір эссені барлық университетке жібере салуға болмайды. Әр мемлекет эссені әртүрлі бағалайды. Мәселен АҚШ, Канада креатив түрде жазылған мотивациялық хатты ұнатады. Сіз онда қандай адам екеніңізді көрсететін хикаяны, өміріңізде болған бір оқиғаны суреттеп жазуыңызға болады. Ал Еуропа елдері, Гонконг мотивациялық хаттың ресми болғанын жөн санайды. Онда сіз нақты кім екеніңізді, қандай мамандықты және оны не себепті таңдағаныңызды түсіндіріп бересіз.
— Қандай жоспарың бар?
4 жылдан соң не істейтінімді қазір нақты айту қиын. Дегенмен бірнеше жыл Канадада қалып, жұмыс істеп, тәжірибе алмасамын деп ойлаймын. Кейін Қазақстанға оралып, экономикаға әсер ететін менеджмент саласын дамытуға ат салысқым келеді.
Дамыған елдердің экономикасының артуында мемлекеттік компаниялар мен корпорациялардың үлесі көп. Ал ол компанияларды дамытатын топ-менеджерлер. Өкінішке қарай, біздің елде топ-менеджер аз. Келешекте осы мәселені шешкім келеді.
Сонымен бірге бізде көбі кәсіпкерлікті ақша табу, жеке қара басты ойлау деп қана біледі. Волонтерлік жоба жасаушы бірен-саран. Сол себепті болашақта әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытқым келеді.