Токио Олимпиадасына қатысатын атлеттер күн сайын тестілеуден өтеді

Токиодағы жазғы Олимпиаданың ұйымдастырушылары сәуірдің аяғында ойындарды өткізу ережелерінің жаңа нұсқасын бекітуді жоспарлап отыр. Онда спортшылардың күн сайын коронавирусқа тестілеуден өтуі керектігі туралы тармақ енгізіледі.

Фото: Gettyimages.com/Charly Triballeau

Жергілікті Kyodo агенттігінің хабарлауынша, қазіргі кезде бұл шешім Халықаралық Олимпиада комитетімен (ХОК) келісіліп жатыр.

Тесттердің басым бөлігі антигенге тексереді. Тестілеу оң нәтиже көрсеткен жағдайда, дәрігерлер ПТР тәсілі бойынша қосымша зерттеу жүргізеді. Атлеттерден коронавирус белгілері байқалса, оларды бірден ПТР тестін тапсыруға жібереді. Осыған орай арнайы олимпиадалық ауылда бөлек зертхана ашылады, — делінген хабарламада.

Тексеріс кестесі ойындардың уақытына байланысты құрылады. Сонымен бірге ойынның қандай да бір кезеңі өтетін күні спортшылар тестілеуден босатылуы мүмкін.

Жергілікті БАҚ-тың дерегінше, «Токио-2020» ұйымдастыру комитеті 9 мамырда өтетін жеңіл атлетика бойынша тестілік жарыстарды көрермендерсіз өткізуді қарастырып жатыр.

Токио Олимпиадасы 2020 жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы аралығына жоспарланған еді. Коронавирус пандемиясына байланысты жазғы Олимпиада ойындары бір жылға шегеріліп, енді 2021 жылдың 23 шілдесі мен 8 тамызы аралығында өтеді.

Тағы оқыңыз: Токио Олимпиадасының медалі қандай болады?

Exit mobile version