Алматы облысында төрт оқушыны қаққан мас жүргізуші он жылға сотталуы мүмкін

Бұл туралы Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Еске салайық, 2 наурызда Еңбекшіқазақ ауданы Қорам ауылында 54 жастағы тұрғын «УАЗ» көлігімен жол жиегінде тұрған төрт бірдей оқушы қызды қағып кетті. Салдарынан үш қыз ауыр хәлде ауруханаға түсті, төртіншісі апаттан сақтанып үлгерген.

14 наурызда қыздардың біреуі көз жұмғаны белгілі болды. Бүгін, 5 сәуірде комада жатқан екінші оқушының жан тапсырғаны хабарланды.

Алматы облысы полиция департаменті екі қыздың өлімінен кейін күдіктінің әрекеті аса ауыр бап бойынша қайта сараланатынын хабарлады.

Бастапқыда жол апатына қатысты Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу барысында қыздардың бірінің көз жұмуына байланысты іс 345-1-бап 3-бөлігі бойынша қаралатын болды. Енді екінші зардап шегушінің қаза болуына байланысты күдіктінің әрекеті Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігіне (Автомобильдi басқаратын адамның абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне алып келген, мас күйде жол жүрісі немесе көлiк пайдалану қағидаларын бұзуы) қайта сараланды, — делінген хабарламада.

Полиция департаментінің мәліметінше, енді құқық бұзушыға белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.

Жүргізуші қазіргі таңда тергеу изоляторында қамауда отыр.