Басты бет Экономика Жанат Элиманов Мемлекет басшысына қаржы пирамидалары туралы айтты

Жанат Элиманов Мемлекет басшысына қаржы пирамидалары туралы айтты

Президент қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Агенттік төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдарды күшейту жұмысы туралы есеп берді.

Фото: Akorda.kz

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Жанат Элимановтың айтуынша, жыл басынан бері сегіз ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілген, оның екеуі трансұлттық топ. Сонымен бірге ол бюджет қаржысын жымқыру деректері бойынша 14 миллиард теңге көлемінде шығын келтірген 125 қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.

Ведомство басшысы президентке агенттіктің қаржы пирамидаларының жолын кесу бағытында атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады.

Оның айтуынша, бүгінде күмәнді іс-әрекеттер бойынша 21 материал құқық қорғау органдарына жолданған.

Бұдан бөлек Жанат Элиманов Мемлекет басшысына кәсіпкерлердің қылмыстық қудалауға түсуіне  жол бермеу үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берді.

Ол 2020 жылы тіркелген экономика қылмыстарының саны өткен жылдармен салыстырғанда алты есеге азайғанын айтты. Қылмыстық істерді тексеру бойынша кәсіпкерлерді тергеуге шақырулардың саны екі есеге, ал тергеп-тексеру мерзімі 40%-ке қысқарған.

Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесін адал жүргізіп отырған кәсіпкерлердің қылмыстық қудалауға түсуіне жол бермеу жөнінде жүйелі шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударды. Президент Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасына бірқатар нақты тапсырма берді.

Айта кетейік, 28 қаңтарда президент Қаржылық мониторинг агенттігін құру туралы жарлыққа қол қойды. Агенттік президентке тікелей бағынады және есеп беретін мемлекеттік орган.

Exit mobile version