Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

АҚШ пен Қытай саясаткерлері келесі аптада Аляскада кездеседі

АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары болып тұрған кездегі Энтони Блинкен мен Қытай сыртқы істер министрі Ван Имен. Пекин, 2015 жыл. Фото: Andy Wong / Pool

18 наурызда АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Джейк Салливан Қытайдың сыртқы саясат жөніндегі ірі дипломаты Ян Цзечи мен сыртқы істер министрі Ван Имен Анкориджде кездеседі.

Бұл туралы Ақ үйдің 10 наурыз күнгі мәлімдемесінде айтылған.

Байден әкімшілігі өзіне дейінгі Дональд Трамп әкімшілігінің Қытайға қатысты қатаң саясатын жалғастырады деген болжам айтылып жатқан шақта тараптар бірнеше мәселені талқылайды.

Кейінгі кезде сауда дауы, Гонконгтегі демократия қозғалыстарының басып-жаншылуы, АҚШ геноцид деп атаған Шыңжаң аймағында мұсылман топтардың қудалануы, Қытай әскерінің Тайвань мен Оңтүстік Қытай теңізіндегі әрекеті мәселелері төңірегінде екі ел арасында жағдай ушығып кеткен. Бірақ Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасына тосқауыл қою, Мьянмадағы әскери төңкеріске тойтарыс беру және ғаламдық климаттың өзгеруі мәселелерінде АҚШ Қытаймен әріптестік орнату жолдарын да іздейді.

Пекиннің қимыл-әрекеттері АҚШ пен одақтастарының қауіпсіздігі, өркендеуі мен құндылықтарына қауіп төндіріп отыр. Сол себепті бұл біз үшін көп алаңдаушылықтарымызды ашық талқылайтын маңызды мүмкіндік, — деді Энтони Блинкен.

Exit mobile version