Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Желтоқсан көшесімен түсіп келе жатып, оң жақтағы үйге көз салдық. Балкондары әдемі екен, сырты да жөндеуден өткені байқалады. Басқа үйлердегідей кондиционер жыпырлап тұрған жоқ,  ғимаратты оюлап, қаптап қойыпты.

Үй қабырғасында мұнда кімдердің тұрғаны жазылған тақтайшалар бар. Кезінде Қалибек Қуанышбаевтың ұлы Андабек Қуанышбаев осы үйде кімдер тұрғанын тәптіштеп жазған да болатын.

Үйдің үш подъезі бар. Екеуі үйдің артында, біреуі жанында. Бірінші подъездің бесінші пәтерінде театр және кино актеры Камал Қармысов, алтыншы пәтерде қазақтың кәсіби театр өнері негізін қалаушылардың бірі — Қалибек Қуанышбаев пен жары Қазия Қуанышбаева тұрған екен.

Екінші подъезде әнші, театр актеры Манарбек Ержанов отбасымен қоныстаныпты.

Үшінші қабатта КСРО халық артисі Шәкен Айманов тұрыпты.

Шәкен Айманов аулаға екі өрік ағашын отырғызған екен. Жақында бомбапана қасында тұрғаны шабылыпты.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Үшінші подъездің төртінші қабатында опера әншілері Ришад және Мүсілім Абдуллиндер отбасымен өмір сүрген.

Төртінші қабатта ерлі-зайыптылар жазушы Шахмет Хұсайынов пен актриса Бикен Римова тұрыпты. Композитор Латиф Хамиди көршісі болған.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Осы үшінші подъезд опера әншісі, композитор, актер, Қазақ КСР Халық артисі Ғарифолла Құрманғалиев тұрған пәтерден басталады. Біз келіп отырған үй де — осы. Ол кісіні Ғарифолла сал, аристократ әнші деп те атаған. «Қазақ даласының орфейі» деген де атағы бар.

Шахаризада Құрманғалиева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Бізді қызы Шахаризада Құрманғалиева күтіп алды. Жасы 73-ке келген. Бұл үйде әке-шешесі және алты бауырымен бірге 30-жылдар ортасынан бастап тұрады екен. Қазір отбасымен өмір сүріп жатыр.

Кезінде артистерге үлестіріпті. 1937 жылы әйгілі кеңес, қазақ опера әншісі, былтыр қайтыс болған жалғыз әпкем Сәуле Құрманғалиева осында туды. Әкемізден қалған заттың бәрі дерлік астанадағы ұлттық музейде тұр. Үйде тек анамыз екеуінің портреті бар. Қалған суреттер әпкемнің үйінде. Балалар, сендер жайғасыңдар, төрлетіңдер, — деп Шахаризада апай әңгімесін бастады.

Үй төрт бөлмелі. Көбелектің суреті көп. Шахаризада Құрманғалиева көбелекті жақсы көретінін айтты. Ортада үлкен дәліз бар. Бұрын Ғарифолла Құрманғалиев пен әйелі Рабиға Макарқызының жатын бөлмесі болған.

Ғарифолла Құрманғалиевтің бөлмесі. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ғарифолла Құрманғалиев өмірінің соңғы жылдарында сол жақтағы бөлмеге көшкен.

Бұрынғы қонақ бөлмесі. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Артистің үйінде келім-кетім қонақ көп болған. Мейман күткен зал қазір үлкен жатын орны болып өзгеріпті.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Кіреберістегі оң жақтағы бөлме басында Сәуле Ғарифоллақызыныкі, сосын Шахаризада апайдыкі болған.

Шахаризада Құрманғалиева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Үйге кіргенде сол жақ бетте асүй тұрды. Бұрынырақта мынадан да үлкен болған екен. Бірі үй-ішіне, екіншісі қонақтарға арналған етке толы екі тоңазытқыш тұрыпты.

Анау тұрған серванттағы ыдыстарды Шахаризада апайдың анасы жинаған. Әрқайсы әртүрлі елден әкелініпті.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Бұл орамалды Ғарифолла Құрманғалиев 1958 жылы Ауғанстаннан әкелген. Әкенің көзіндей көріп, төрге ілініпті. Мұнда мешіттің суреті бар, орамал үйге жамандық жолатпайтын тұмар ретінде тұр.

Суретке түсіріп жатсақ, Шахаризада апай шашын түзеп қояды.

— Шашым ұйпа-тұйпа емес пе?

— Жоқ, өте әдемісіз.

— Ой, мен әкеме тартқам.

Ғарифолла Құрманғалиев пен Рабиға Макарқызы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Көзім, мойным, бет-әлпетім әкеме келіңкірейді. Бірақ мінезім анамдыкі. Әкемнің мінезі Сәуле әпкеме берілген. Шешем әпкеме қаратып «мына қызды жеңе алмайсың, мінезі Ғалекеңдікі» дейтін. Қазір қырып-жойып жіберердей ашуланып алады да, демде басылады. Ондай кезде әкемнің де, анамның да басылуын күте тұрсаң болғаны. Бірақ екеуі де сұмдық мейірімді еді. Анам да — батыстың тумасы, бетің бар, жүзің бар демей айта салады. Бірақ өте ақылды әйел болды. Сөйлер сөзін, орнын білетін. Анам әкемнің мейірімін, ашуын, бәрін-бәрін қадағалайтын. Әкем әдемі киінуді жақсы көрді. Анам толықша болды, таза теріден тігілген киімдер киетін. Анамның қыз кезіндегі тегі — Макарқызы, әкесі болыс болған.

Ғарифолла Құрманғалиев қолдың кеспесін жақсы көріпті. Таңертең ботқа жейді. Асылған ет сүйікті тағамына жатпапты. Отбасы шайды тек кілегей қосып ішеді, сосын фарфор шәйнек қана қолданылуға тиіс.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Рабиға Макарқызы адамдармен жақсы тіл табыса білген екен. Достары да көп болған. Бибігүл Төлегеновамен жақын құрбы болыпты. Шахаризада апайдың айтуынша, анасы қайтыс болғанда Бибігүл Төлегенова осы үйде қонған. Өлген адамның үйінде бауыры қонатын салт бар екен, осы арқылы Бибігүл Төлегенова Рабиға Макарқызының құрбысы ғана емес, сіңлісі екенін, салт ұстанатынын көрсеткен.

Анам қайтыс болғанда әкем «Орта жолда атың өлмесін, орта жаста қатының өлмесін» деген рас екен» деп қатты қайғырған еді, — деп қызы еске алады.

Шахаризада Құрманғалиева әке-шешесінің Алматыға алғаш келгенінде Рабиға Макарқызының 17 жаста болғанын айтады. Орысша білмепті. «Дай хлеб» деген сөзді үйренген. Дүкенге барып, осыны айтып, нан сатып алып қайтады екен.

Әке-шешеміздің қалай танысқанын білмейді де екенбіз. Анам қайсар еді. Өзінің білімі болмаса да жеті баласының бәрін оқытты. Жазу білмеді, қол қою керек жерде үлкен әріп көрсететін. Бірақ қазақша оқуды үйренді. Сүйікті кітабы «Қазақ эпосы» болды. Мұқабасы қызыл, қалың кітап еді. Бос уақытында соны оқып отыратын, — дейді Шахаризада апай.

Оның айтуынша, бұл үйге әр концерттен соң әкесінің достары, танымал адамдар жиналады екен. Отбасының жақын достарының бірі жазушы Ғабит Мүсірепов болған. Шахаризада апайдың үйлену тойына да барыпты.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Жолдасым Асхатқа ондатра бөрік пен мохер шарф берді. Маған сол кезде жаңадан шығып жатқан торшері бар тумбочка сыйлады. Кофені қатты жақсы көретін. Ол кезде 6 рубль тұратын үнді кофесі пайда болды. Әуелі кілегейді қайнатып, оған кофе саламын, аздап қант қосамын. Сосын әдемі шыныға құйып беремін.

Шахаризада апай Шәкен Аймановтың атлас халат киіп жүретінін айтады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Балаларды қатты жақсы көретін. Әрқайсымызды кезек-кезек көтеріп айналдыратын. Соған мәз болушы едік. Бәрімізді үйіне алып кететін. Мәскеуге жиі барды ғой. Үйіне кіргізе сала шкафын ашады, ал онда кәмпит көп, уыстап-уыстап үлестіріп шығатын. Пальто кисе де, костюммен жүрсе де қолын алдыңғы екі қалтаға салып жүретін. Әдет боп кеткен ғой. Бізге қалтасынан кәмпит шығарып беретін де, қолын қайтадан қалтаға салады. Қалибек Қуанышбаевты «аташка» дейтінбіз. Аулаға серуендеуге шығады. Біз асыр салып қуаласып ойнап жүреміз. Аташканың көзіне түспеуге тырысамыз, әйтпесе әр көрген сайын тоқтатып «ассалаумағалейкум» деп айтқыза береді. Ал ойынымыз қалып бара жатыр, — деп Шахаризада Құрманғалиева бала күнін еске алды.

Қазір «Артистер үйінде» Манарбек Ержановтың, Мүсілім Абдуллиннің ұрпақтары да тұрады.