Алматының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова қаланың эпидемиология жағдайы, санитария нормаларының сақталуы туралы айтты.
Алматы коронавирустың таралу бойынша «жасыл» аймақта. Қауіп сейілді ме?
Алматының «жасыл» аймақта болуы денсаулық сақтау мекемелерінде тіркелетін аурулар санының күн сайын азайғанын айғақтайды. Алайда жұқтыру қаупі азайды деп айтуға болмайды, өйткені COVID-19 арнайы сақтық шараларын сақтамаса, тез таралып кетеді. Сол себепті бас санитар дәрігердің кейінгі қаулысы бойынша Алматыда «сары» аймаққа қатысты шектеулер енгізілді.
Қала тұрғындары қандай қауіпсіздік шараларын сақтауға тиіс? Вирустан қорғану тәсілдері қалай еді?
Алматылықтар коронавирустан сақтану жолдарын естен шығармауы керек. Мәселен, салтанатты іс-шараны өткізуден бас тарту, адамдар көп жиналатын орындарға бармау, барған жағдайда медицина маскасын қолдану, қолды таза ұстау, қолды бетке тигізбеу, жеке гигиенаны сақтау, қолды мұқият жуу, қол гигиенасын сақтау мүмкіндігі болмаған жағдайда санитайзер қолдану сияқты ережелерді ұстану қажет.
Коронавирустың таралуы бойынша жасыл, қызыл, сары аймақтар қалай анықталады?
Эпидемология ахуалы Денсаулық сақтау министрілігінің қоғамдық денсаулық ұлттық орталығында арнайы компьютер бағдарламсының көмегімен анықталады. Орталық зертхана мониторинг есебі дерегінде тіркелген оң нәтижелер санын, аймақ халқының санын және басқа да коэфициентерді ескеріп, күнделікті талдау жасайды.