Динара – тұрмыстағы келіншек, үш баласы бар. Күнделікті күйбең тіршілік пен үй шаруасынан өзіне көңіл бөлетін уақыты жоқ. Өміріндегі қиындықтарға қарамастан, ол өміріне шағымданбайды, керісінше бақытты. Өйткені өмірдегі ең қымбат дүние отбасы деп түсінеді.
Назым — ұлы бар жалғысбасты ана. Ерлер қауымынан көңілі қалған. Ресторатор қызметін атқарады.
Зәуренің — арманы бар, ол «ақ боз атты ханзаданы» кездестіргісі келеді. Жолында түрлі жігіт жолығады, бірақ ешқайсы көңілінен шықпайды. Құрбылары бұл мәселені өз қолына алып, көмектесуге шешім қабылдайды.
Бала-шағамен үйде отырған, күнделікті үйдің шаруасынан шаршаған әйелдің образын сомдаймын. Күйеуі таңертеңнен кешке дейін жұмыста. Күйеуінің назарын аудару үшін неше түрлі қылықты ойлап табады. Үш баламен отыруы менің өміріме ұқсас. Бірақ басқа сериалдағы рольдеріме еш ұқсамайды. Сол үшін де маған қызық болды. Қандай сын, қандай пікір айтылады екен деп күтіп жүрмін. Тіпті, қобалжып жүрмін десем болады, — дейді актриса Жанаргүл Жаныаманова.
Маған кейіпкерімінің еркіндігі жақын. Рухы мықты, қиыншылықтан қорықпайтын және тік мінезі де бар. Бұл рольді жеңіл алып шықтым. Өйткені маған ұқсас образ, — дейді Ажарлым Мағзұм.
Телехикаяда Зәуре есімді аруды сомдаймын. Кейіпкерім, өте ашық, тезірек тұрмыс құрғысы келеді. Өз жолында ол түрлі жігітті кездестіреді, алайда барлығынан көңілі қалады. Туынды өте қызықты шыққан деп ойлаймын, — дейді Ұлболсын Шалқарова.
Динара күйеуі туралы барлық шындықты біле ме? Назым күйеуіне оралып, толыққанды отбасын қайта құра ала ма? Әйелдер достығы қаншалықты мықты? DiNaZaur телехикаясы нақты өмірге негізделген қарым-қатынас, отбасылық құндылық, тәрбие және шынайы әйелдер достығы туралы әңгімелейді.
Сериал 14 желтоқсанда сағат 20.40-та «Алматы» телеарнасында көрсетіле бастайды.