Басты бет Медицина «Ахуал нашарлады». Жандарбек Бекшин Алматы тұрғындарына үндеу жасады

«Ахуал нашарлады». Жандарбек Бекшин Алматы тұрғындарына үндеу жасады

Алматыдағы эпидемиология ахуалының нашарлауына байланысты қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин тұрғындарға үндеу жасады.

Фото: Күнту Арынбек

23 қазандағы жағдай бойынша Алматыда коронавирус жұқтырудың 14 607 дерегі тіркелді, оның ішінде 8 762 науқастың ауру белгілері бар, ал 5 845 адам инфекцияның симптомсыз түрін жұқтырды.

Кейінгі тәулікте COVID-19-дың 44 дерегі және пневмонияның 5 дерегі тіркелді. Ауру жұқтырғандар санының тәуліктегі өсімі — 0,3%, жұқтыру коэффициенті — 1,37. Қаладағы ахуал нашарлай түсті және науқастар саны көбейіп жатыр, — деді Жандарбек Бекшин.

Жандарбек Бекшиннің айтуынша, коронавирус жұқтыру дерегінің көбеюіне басты себеп — көп адам қатысатын жиындарды, үйлену, еске алу шараларын өткізу. Өйткені мұндай жиын кезінде көп адам жиналады және желдетілуі нашар жабық ғимараттарда өтеді. Іс-шара кезінде қонақтар ұзақ уақыт отырады және бір-бірімен байланыс жасайды.

Той ұйымдастырушыларына айтатыным: сіз өзіңізге ғана емес, барлық қонаққа қауіп төндіресіз. Сонымен бірге мониторинг топтарының талабы бойынша қонақтар іс-шарадан кетуге мәжбүр болады, оларды ыңғайсыз жағдайға қалдырасыз, — деді бас санитар дәрігер.

Алматыда ахуалдың нашарлауының екінші себебі — қоғамдық көліктерде маска тағу режимі жиі сақталмайды, медицина қолғабы пайдаланылмайды. Жандарбек Бекшин тұрғындарға санитария талаптарын қатаң сақтау керек екенін ескертті.

Үшінші себеп — ұйымдарда коронавирус инфекциясының көп тіркелуі. Сол себепті Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қызметкерлердің кемінде 30%-ін қашықтан жұмыс істеу режиміне көшіруді талап етеді.

Төртінші себебі — ересектер, әсіресе жастар түнгі клуб пен тамақтану орындарына барып келгенде инфекцияны отбасының егде жастағы мүшелеріне, ата-аналарына, аға-інілеріне жұқтырады.

Exit mobile version