Басты бет Қоғам Түркістан облысында 23 жастағы әйел алты баланың анасы болды

Түркістан облысында 23 жастағы әйел алты баланың анасы болды

Еркінай Есенбаева тұңғышын 18 жасында босанған. Ал жақында №1 облыстық перинатал орталықта дүниеге үшем алып келді.

Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Дербісек ауылының 23 жастағы тұрғыны Еркінай Есенбаева 6 баланың анасы атанды. Бұл туралы өңір әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Дәрігерлердің айтуынша, жүкті әйелдің денсаулығы сыр беріп, сәбилерін мерзімінен ерте 8 айда босанған. Ана мен бала өміріне қауіп төндірмес үшін дәрігерлер әйелді кесар тілігі арқылы босандырған. Ана мен нәрестелердің қазіргі жағдайы жақсы және дәрігерлердің арнайы күтімінде. Көп балалы ананың дәрігерлерге айтар алғысы шексіз.

Сәбилердің салмағы — 2 170 грамм, 2 100 және 2 615 грамм. Оларға Ақжан, Маржан және Бақжан есімдері берілген. Жас отбасының 1 ұл, 2 қызы бар.

Түркістан облыстық 1-перзентханада биыл 155 егіз және 3 үшем дүниеге келген. Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, аймақта туу көрсеткіші де былтырмен салыстырғанда көбейген. Жыл басынан бері өңірде 45 030 сәби туылған.

Exit mobile version