Басты бет Қоғам Қазақстан өлім жазасын жою туралы халықаралық хаттамаға қосылды

Қазақстан өлім жазасын жою туралы халықаралық хаттамаға қосылды

Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультатив хаттамасына қол қойды.

Фото: Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі

Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев өлім жазасын жою туралы халықаралық хаттамаға қосылу туралы шешімді БҰҰ Бас ассамблеясының 75-сессиясының жалпы саяси пікірталас кезінде мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қазақстан өмір сүру мен адами қадір-қасиетке негізделген құқықты жүзеге асыруға бекем екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың желтоқсанында Сыртқы істер министрлігіне Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультатив хаттамасына қосылу рәсімін бастауды тапсырды.

Айта кетейік, Қазақстанда өлім жазасын қолдану ҚР Президентінің 2003 жылы тиісті мораторий енгізу туралы жарлығымен толық тоқтатылды.

Exit mobile version