Басты бет Қоғам Қызылордада этномәдени бірлестіктің белсенділері бас қосты

Қызылордада этномәдени бірлестіктің белсенділері бас қосты

Қызылордадағы Достық үйінде "Славяне қоғамдық-мәдени орталығы" қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен "Достық үшін" шарасы өтті.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Шараға облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жағыпар Тажмаханов, «Қоғамдық келісім» КММ директорының міндетін атқарушы Азамат Мүкеев, облыстағы этномәдени бірлестіктің белсенділері, ардагерлер, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.

Татулық пен бірлікті нығайту мақсатында өткізілген шараны бірлестіктің жетекшісі Галина Щербакова ашты.

5 ай көлемінде барлығымыз карантин режиміне көштік. Концерттер, кездесулер, қарым-қатынас, қойылымдар тоқтатылды. Бірақ бұл үйде, туған-туыспен, жақындардың ортасында жоспарланбаған демалысты өткізуге мүмкіндік берді. Осы уақыт аралығында біз бір-бірімізге жақын болдық және достықтың не екенін түсіндік. Бұл барлығымыз үшін оңай уақыт болған жоқ. Дегенмен де ынтымақтасып, қиындықтарды жеңіп шықтық,- деді Галина Щербакова.

Пандемия кезеңінде бірлестіктің мүшелері онлайн режимге көшіп, барлық шараға, мереке, байқауларға қатысып, белсенділік танытты.

Осы орайда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жағыпар Тажмаханов бірлестікке достық пен татулықты берік ету жолында атқарған жұмысы үшін алғысын білдірді.

«Славяне» қоғамдық-мәдени орталығы» 23 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Шара аясында Алматыдағы Ресей бас консулдығы тарапынан екі елдің арасындағы достық қарым-қатынастарын нығайтуға, ынтымақтастықты сақтау жолында белсенділік танытқан орталық мүшелеріне грамоталар мен сыйлықтар табысталды.

Exit mobile version