Қызылордада 185 мыңға жуық гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді

Былтырғымен салыстырғанда дәнді дақылдар 1 736 гектар, мал азықтық дақылдар 2 094 гектар, картоп, көкөніс және бақша дақылдары 79 гектар артса, ал майлы дақылдар көлемі 2 242 гектар азайды. Сонымен қатар егісті әртараптандыру бағытында облыста алғаш рет перспективалы дақылдар қант құмайы 80 гектар, соя 170 гектар, жүгері дақылы 1 507 гектарға дейін жеткізіліп, ылғал сақтағыш аквагельдерді пайдалану арқылы 80 гектар богарлы жерлерге күздік бидай дақылы егілді. Негізгі дақыл күріштің көлемі — 89 623 гектар, егіс көлемі былтырғымен салыстырғанда 1 690 гектар артып отыр, – дейді ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары.

Қазіргі уақытта шаруашылық құрылымдары егілген ауыл шаруашылығы дақылдарын агротехникалық талаптарға сай күтіп баптау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Қазіргі уақытта күріш егісінің 65,6 мың гектары арам шөптерге қарсы гербицидтермен толық өңделіп, 62,1 мың гектары тыңайтқыштармен үстеп қоректендірілген. Үстеп қоректендіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Ал, аудан әкімдіктерінің дерегінше облыста егілген 89,6 мың га күріш алқабының қазіргі таңдағы жағдайы 71,7%-ы жақсы, 25,7%-ы орта, 2,6%-ы нашар деп бағаланса, 31,1 мың гектары түптену және 58,5 мың гектары түтікке шығу фазасында.

Сонымен қатар шаруашылық құрылымдары өткен жылғы жоңышқа дақылының 1-ші орымын аяқтап, барлығы 103,1 мың тонна жоңышқа шөбін дайындады. Орта өнім гектарына 26,7 центнерден айналды.

Бүгінгі таңда шаруашылық құрылымдары дәнді дақылдарды жинау жұмыстарын жүргізуде. Күтімге алынған 4 142 мың гектар күздік бидайдың 2 751 гектарына орақ түсіп, 5 652 тонна өнім жиналды. Орта өнім гектарына 20,5 центнерден айналса, 3 806 гектар жаздық бидайдың 100 гектары жиналып, барлығы 130 тонна өнім алынып, орта өнімі 13,0 центнерден келіп тұр.

Сондай-ақ дәнді дақылдарды жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Облыс бойынша көкөніс және бақша дақылдарын жинау жұмыстары оңтүстік аудандарда басталды. Бүгінгі таңда көкөністің 570 гектары және бақшаның 650 гектары жиналып, көкөністің әр гектарынан 166,3 центнерден, бақшадан 216,9 центнерден өнім алынуда. Көкөніс және бақша дақылдарын жинау жұмыстары жалғасып жатыр.