Басты бет Әдебиет Балалар коронавирус туралы қандай тақпақ шығарды?

Балалар коронавирус туралы қандай тақпақ шығарды?

Дүниежүзіне тараған коронавирус инфекциясы ересектердің ғана емес, балалардың да әдеби шығармашылығына әсер етті. Балдырғандар өлең шығарып, қатерлі вирусты тезірек жеңуге үн қосып жатыр. Baribar.kz төрт кішкентай автордың осы тақырыптағы өлеңін жинастырды.

Иллюстрация: Dribbble.com/©Aliffajar

Абылай Қуанышұлы: «…Қашан кетер екен дейміз бәріміз…»

2-класс оқушысы Абылай Қуанышұлы «Пандемия» атты тақпақ жазған. Онда ол көп елдегі балалар төтенше жағдайға байланысты қашықтан оқуға мәжбүр болғанын баяндайды. Абылайға қазіргі жағдай ұнамайды. Сондықтан ол адамдардың өмірі тезірек бұрынғы қалпына келіп, шат-шадыман болып жүруді қалайды.

Абылай Қуанышұлы. Фото жеке архивінен

Пандемия

Пандемия бар әлемді жаулаған,
Жас дәуренді үйде оқуға баулыған.
Қашан кетер екен дейміз бәріміз,
Қашан кірер бәріміздің сәніміз.

Кәусар Әбдірахым: «…Үйде отыр тыныштығы үшін еліміздің!»

Кәусар Әбдірахым да 2-класта оқиды. Ол «Қиын заман» деп аталатын өлең жазды. Кәусар коронавирус инфекциясының тарауы қоғамға біраз өзгеріс әкелді деп ойлайды. Вирус қаупі күнделікті тұрмысты ғана емес, ой-сананы да өзгертті.

Кәусар Әбдірахым. Фото жеке архивінен

Қиын заман

Мына індет бүкіл елді дауылдай шарлағандай,
Адамзат көп нәрсенің қадірін біле түскендей,
Бұл індетті жеңіп шығар ниет барда,
Үйде отыр тыныштығы үшін еліміздің!

Ерасыл Тұрар; «…Халық талай қынжылды»

4-класс оқушысы Ерасылдың «Коронавирус» аталатын өлеңінен оның пандемия қатерін сезінгенін байқауға болады. Автордың ойына қарағанда қауіпті індет елімізге қайғы-мұң әкелді, адамдардың инфекция салдарынан қайтыс болуы халықтың көңіл-күйін түсірді.

Ерасыл Тұрар. Фото жеке архивінен

Коронавирус

Коронавирус келді деп,
Ел-жұртымыз дүрлікті.
«Талай жанды алды» деп,
Халық талай қынжылды.

Ділда Испанбетова: «…Бетпердені шешеміз, жақсы өмір сүреміз!»

Ал 2-класс оқушысы Ділда Испанбетова шығарған «Біз індетті жеңеміз!» деп аталатын тақпақ оптимизмге толы. Ол өз шумақтарымен адамдарды қорқыныштан арылтып, керісінше, вируспен күресуге айрықша күш бергісі келеді екен. Дегенмен Ділда ондай күш ғайыптан пайда болмайтынын түсінеді, инфекцияға қарсы тұру үйден шықпай, қолды жиі жуудан, маска тағудан басталады.

Ділда Испанбетова. Фото жеке архивінен

Біз індетті жеңеміз!

Вирус келді, балақай,
Үйде отыр, шықпа далаға!
Даладан келсең егер де,
Қолыңды жу қалай да!

Сонда вирус тимейді,
Біз індетті жеңеміз.
Бетпердені шешеміз,
Жақсы өмір сүреміз!

Exit mobile version