«Дала күні» өткізілген «Мәди Қажы» серіктестігінің шаруаларына Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров бата берді. Жасы 100-ге таяған ақсақал егіннің бітік шығып, күзде қырманның астыққа толуын тіледі.
Биыл облыста 183,1 мың гектар алқапқа егiн егіледі. Тең жартысы басты брэнд өнім – Сыр маржанына тиесілі. Ал басқа дәндi дақылдар 9,8 мың, майлы дақылдар 6 мың, мал азықтық дақылдар 61,6 мың, картоп, көкөнiс, бақша дақылдары 17,7 мың гектарға себіледі.

Көктемгі дала жұмыстарының уақытылы басталып, сапалы жүргізілуіне тиісті шаралар қабылданған. Облыс дикандары минералды тыңайтқыш және тұқыммен қамтамасыз етілуде. 14 мың тонна арзандатылған дизель отыны жеткізілді. Бағасы – литріне 162 теңге.
Кейінгі жылдары өңірге 26 миллиард теңгенің 1070 ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Бұл – егіс алқабында жүрген әрбір төртінші комбайн, трактор немесе тұқым сепкіш.
Қожалықтардың көлік паркінде John Deere, Claas, «Ростсельмаш» және тағы басқа танымал маркалы техника бар.