Шаруа қожалығының иесі: Салықтан босату — үлкен көмек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 31 наурыз күні еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің экономика мен әлеуметтік саладағы дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты жасаған мәлімдемесін қазақстандықтар қызу талқылап жатыр.

«Қадыр» шаруа қожалығының иесі Қазына Әбдірееваның пікірінше, Мемлекет басшысының қазіргі ахуалға байланысты Үкіметке берген тапсырмалары халықтың жағдайын оңалтпақ.

Қазына Әбдреева
Қазына Әбдіреева. Фото жеке архивтен

«Күрделі жағдаймен бетпе-бет келіп отырған елімізде карантин режимінің енгізілуі әрбір қазақстандықтың денсаулығы үшін маңызды. Бұл жағдайдың ел ахуалына кері әсері де орасан. Ең алдымен, коронавирус індеті жеке кәсіпкерлер мен шаруа иелеріне ауыр соққы болды. Шығынға ұшырағандары да аз емес. Осы күрделі жағдайдан қиналмай шығу үшін ел Президенті барша қазақстандықтарды сабыр сақтауға шақырып, мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін айтты. Шаруа қожалығының иесі ретінде бізді қуантқаны сол — салықтан уақытша босатылуымыз. Мұның өзі — қазіргідей күрделі кезеңде үлкен көмек. Сонымен қатар мемлекет бюджетінен қаржы қарастырылып, ақшалай көмек те көрсетілмек. Ел Президентінің ел игілігі жолында жасап жатқан елеулі еңбегіне ризалығымызды білдіреміз», — деді шаруа қожалығының иесі Қазына Әбдіреева.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдемесінде ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді тапсырды. Атап айтқанда, бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінеді. Мемлекет басшысы көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуді, сонымен қатар Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын 15% арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендетуді жүктеді. Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылады.