Үкімет басшысы көлік жолдарында қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды

Желтоқсанның 16-22-сі күндері Қазақстанда 104 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 39 адам қаза тапты, 158 адам жарақат алды. Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді.

Үкімет отырысында ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдарда болып жатқан оқиғалар талқыланды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазір жолдарда қауіп күшейіп тұр, ауа температурасы әуелі нөл градусқа дейін күрт көтеріліп, кейін қайта төмендеп, көктайғаққа себеп болды, сонымен қатар жаңбыр, қар жауып, тұман түсті, жолда көрініс нашарлады. Осындай ауа райы елді мекен сыртындағы жолдарда апаттың жиілеуіне ықпал етті.

Өткен аптада полиция, төтенше жағдайлар және «Қазавтожол» ҰК» АҚ қызметкерлері 11 облыстағы республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарда көлік қозғалысын шектеді. Жалпы ұзындығы шамамен 7,5 мың шақырым болатын республикалық маңызы бар жолдардың 57 учаскесі жабылды. Ең қиын жағдай Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында болып отыр.

Ішкі істер органдары коммуналдық қызметтермен және жергілікті атқарушы органдармен бірге кептелістерді жою, жолдарды тазарту, инерт материалдарды себу, эвакуациялау және азаматтарға шұғыл көмек көрсету сияқты шараларды орындады. Бір апта ішінде шамамен 1000 автомашина кептелісте қалған, қар құрсауынан барлығы 120-дан астам автокөлік пен 900-ден астам адам эвакуацияланды. Эвакуацияланған азаматтар жақын маңдағы елді мекендердегі жылыту пунктілеріне орналастырылды. Өңірлерде азаматтарға көмек көрсету үшін жедел штабтар құрылды.

Адамдарды құтқаруға Төтенше жағдайлар комитетінің 200-ден астам қызметкері мен 300 полицей, 170 техника және жергілікті атқарушы органдар мен жол қызметтерінің арнайы техникалары тартылған.

Қазір Шығыс Қазақстан, Атырау, Ақмола, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарындағы көлік жолдарында қауіп күшті.

Жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — өте маңызды мәселе. Болжам бойынша таяу күндері боран соғып, ауа температурасы төмендейді. Бұған барлық қызмет дайын болуы керек, — деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы өңір әкімдеріне жолдарда жылыту және тамақтандыру орындарын ұйымдастыруға жәрдемдесуді тапсырды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне және «Қазавтожолға» жолдардың қары мен мұзын күруге техниканы барынша тартуды тапсырамын. ҚР ІІМ автотрассаларда кезекшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысын жалғастырсын, — деді Премьер-министр.

Еске салайық, бұған дейін «Қазгидромет» кәсіпорны желтоқсанның 24-26-сы күндері қар жауып, боран соғатынын және ауа температурасы төмендейтінін болжаған еді.