Алматыда Жастар кеңесіне мүше болуға әлі өтініш қабылданып жатыр

Алматыда Жастар ісі жөніндегі кеңеске үміткерлерден өтініш қабылдау жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 47 үміткер ниет білдірген. 

Жастар форум
Фото: Akorda.kz

Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қала әкімдігі жанындағы кеңеске өтініш қабылдау 21 қарашада басталды. Бұл – консультатив-кеңесші орган, міндеті – жастар саясатын жетілдіру бойынша кеңес беру, міндеттерді іске асырудың тиімділігін талдау және қала жастарын дамытудың басым бағыттарын іске асыру бойынша ұсыныс әзірлеу.

Кеңеске үміткерлер онлайн дауыс беру арқылы іріктеледі. Оған Алматының жастар ұйымдарының өкілдері ғана кандидатурасын ұсына алады. Өтінішті Аlmatyjastary.kz сайтының “Жастар кеңесі” айдарындағы “Тіркеу” бөлімінде беру керек.

Бүгінгі таңда жастар ұйымдарының өкілдерінен 47 өтініш келіп түсті, – деп хабарлады Алматы әкімінің баспасөз қызметі.

Жастар кеңесіне 18-35 жас аралығындағы 25 адам іріктеледі. Өтініш қабылдау 2019 жылдың 5 желтоқсанында аяқталады.