Алматыда Олжас Сүлейменовтің атына аллея ашылды

Ақын атындағы жаңа алма бақ Atakent орталығының аумағына отырғызылды. Шараға депутаттар, қоғам қайраткерлері, академиктер, мәдениеттанушылар мен экологтар қатысты. Олар «Жеңімпаздарға даңқ», «Күннің шығуы» және «Рахат» сорттарының 61 түп алма ағашын отырғызды.

Әр ағаштың жанына оны кім отырғызғаны жазылған тақта қойылған. Алма ағаш иелеріне ағаштың төлқұжаты берілді. Олардың қатарында Владислав Косарев, Мұрат Әуезов, Тоқтар Әубәкіров, Жақсылық Үшкемпіров, Ирак Елекеев, Төрегелді Шарманов пен Мэлс Елеусізов бар.

Олжас Сүлейменов «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының сол кезде жаңа басталған бүкіл экологиялық жүйенің негізі болғанын айтты.

Atakent-те жаңа аллея аштық. Atakent «атамекен» деген мағынаны білдіреді. Біз жалпы Алматыға ағаш отырғызуды тоқтатпауымыз керек. Өзге қалалар да бұл істен үлгі алуға тиіс. Бірақ аллея ядро сынақтарына қарсы қозғалыстың атын иеленуі керек еді. «Невада-Семей» қозғалысы Чернобыль қозғалысынан бірнеше ай бұрын басталған, — деді Олжас Сүлейменов.

Бұған дейін қала мәслихаты Олжас Сүлейменовке «Алматының құрметті азаматы» атағын берді. Төсеблігіні қала әкімі Бақытжан Сағынтаев табыстаған болатын.

Невада-Семей — ядро сынақтарына қарсы халықаралық қозғалыс. Қозғалысты сол кездегі қоғам белсендісі Олжас Сүлейменов ұйымдастырған. 1989 жылдың 26 ақпанында құрылып, қазан айында ресми тіркелген. Қозғалыс әлемдегі ядролық қауіпті жоюды мақсат етті, Семей ядролық полигонында ядролық сынақтарды тоқтатуға қол жеткізді. Қозғалыстың белсенді қызметінің арқасында БҰҰ бас ассамблеясының 53-сессиясы «Қазақстандағы Семей өңірі адамдарының денсаулығы мен экологиясын сауықтыру және экономикасын дамыту мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық пен іс-қимылды үйлестіру» қарарын қабылдаған.

ДереккөзTengrinews.kz