– Қарлыға, социофобия деген не? Психология оны қалай түсіндіреді?

– Социофобия деп айналадағы адамдардан, олармен қарым-қатынасқа түсуден, көпшілік ортада тұрып қандай да бір әрекет жасаудан қорқуды айтады. Оның әртүрлі деңгейі болады. Адамдардың бір бөлігі бұл фобияны басқара алса, екінші тобына міндетті түрде дәрігердің көмегі қажет болады. Социофобияның негізгі белгілері: шектен тыс ұяңдық, жүректің қатты соғуы, бас айналуы, қол мен қолтықтың терлеуі, адамның тынысының тарылып, сөйлей алмай қалуы.

Мұндай адамдардың өмірде алғаш рет көріп тұрған адамы түгілі, жақынынан қашып жүретін кезі болады. Адаммен сөйлесіп, қарым-қатынас құру керек екенін түсінсе де, мұның барлығы олардың бойында жайсыз сезім тудырады. Бөгдепланеталықпен сөйлесіп тұрғандай әсерде болады. Тынысы тарылып, отырған жерінен ешкім жоқ жерге қашып кеткісі келеді. Социофобияның ең ауыр түріне шалдыққан адам үйінен шыға алмайтындай дәрежеге жетеді.

– Социофобия қалай пайда болады? Көбіне қай жаста басталуы мүмкін?

– Әр адамның тағдыры, өмір сүру тәртібі әртүрлі. Сондықтан оның социофобияға шалдығуына да түрлі себеп болады. Софиофобия адам құрсақта жатқан сәттен басталуы мүмкін. Адам психикасының құрылысы өте күрделі. Ид, Оно, Супер эго атты бөліктер алғаш түзіле бастағанда өте абай болған жөн. Өйткені осы кездегі ауыр психология жарақаттары адамның кейінгі өміріне тікелей әсер етеді. Қазақ қоғамында баланы көбіне өзге қатарласымен салыстырып тәрбиелейді. Әрқайсымыз өмірімізде бір рет болса да, “Ана Пәленнің қызын қарашы, өзі сондай таза жүреді. Кеше сабақтан бес алып келіпті, үйін мұнтаздай етіп жинап қойыпты. Ал сен болсаң, жүрсің” деген сынды естуіміз мүмкін. Осы бір ғана сөз баланың болашағына балта шабуы мүмкін. Осыдан кейін бала ата-ананың, туыстың, қоғамның пікіріне тәуелді болады. Әр қадамын басқан сайын “Анау не дейді”, “Мен туралы жаман ойлап қалатын болды ғой”, “Қалай ақталсам екен?” деген сұрақтан әрі аса алмай қалады. Мұндайда адамның күйзеліске ұшырайтыны сөзсіз. Осыдан кейін өзгенің пікіріне тәуелді болып өскен бала ата-анасынан бастап барша адамды жек көре бастайды. Социофобияның астарында адамдарға деген өшпенділік жатыр.

Қарлыға Бүйенбай
Қарлыға Бүйенбай. Фото жеке архивінен

– Бала социофоб болып өспеуі үшін ата-ана оны қалай тәрбиелеуі керек?

– Қазіргі ата-ана баласын түрлі курсқа сүйреп, бірнеше тілді қатар меңгерткісі келеді. Әрбір ата-ана баласына болашақта кім болу керек екенін емес, әуелі өзін бар қалпында қабылдай білуді үйретуі керек. Себебі шынайы болу, жақындардың көңілінен үнемі шығуға тырыспау, өзге үшін емес, өзі үшін өмір сүру көбінің қолынан келе бермейді. Өзіңізді де, балаңызды да ешкіммен салыстырмаңыз. Балаңыздың міні көп шығар, бірақ ол – дара тұлға. Құсты балық сияқты жүзу, балықты құс сияқты ұшу қабілетіне қарап бағалай алмайтынымыз сияқты әркімнің өзіне тән артықшылығы болады. Бастысы, сол артықшылыққа қарсы болмау.

– Социофобтар карьерада, жеке өмірде жетістікке жете ала ма?

– Иә, социофобияға шалдыққан адамдар карьерасында да, отбасында да жетістікке жете алады. Бір ғана шарт – емделу. Дәрігерлер “бір ай ғана өмірің қалды” деп жіберген көп науқасты көрдім. Олар әртүрлі мерзімдегі терапиядан айығып кетіп жатты. Жан мен тән бір-бірімен тығыз байланыста. Психика деңгейінде шешілмеген проблема тәнге қарай ығысады. Бұл “психосоматикалық проблема” деп аталады. Егер жаныңыз сау болса, тәніңізде де ешқандай кінәрат болмайды. Жоғарыдағы науқастар тәнге өтіп кеткен дүниені психика деңгейінде шешіп қана айығып отыр. Жоғарыда социофобияның астарында өшпенділік жататынын айттым. Егер осы өшпенділігін терапия кезінде түгел шығарса, себебін жойса, онда қалай да емделеді.

– Cоциофобияны қалай емдеуге болады?

– Көпшілік ортаға тап болғанда есінен танып, құлап қалатын адамдар болады. Мұндайда психология терапиясы мен дәрі-дәрмек қатар жүреді. Ал қалған жағдайда психоаналитик маманның көмегіне жүгінуге болады. Қазір Қазақстанда осы салада білікті 10-ға жуық маман бар. Олар анализдеуге, проблеманың себебін жоюға баса назар аударады. Ал себебі жойылмайтын болса, ауру кез келген уақытта қайталануы мүмкін. Адамның емделуге ниеті болуы керек. Мысалы, психоанализде өз қалауымен келмеген, туыстары сүйреп әкелген науқаспен жұмыс істемеуге тырысамыз. Өйткені мұндай жағдайда оларға ештеңе көмектеспейді. Оған қоса, терапияның ақысын науқастың өзі төлегені де маңызды. Бұл адамның бала күйге түсіп кетпеуіне, өзгелерге ешқалай тәуелді болмауына ықпал етеді.

– Әңгімеңізге рақмет!